Заңсыз импорт автоөндірістің басты мәселесі болып қала береді – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Премьер-министрдің елге автокөліктерді заңсыз әкелуге қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасына пікір білдірді.
Министрдің айтуынша, заңсыз импорт әлі де автомобиль саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
– Автомобиль өнеркәсібіндегі ең өткір әрі қордаланған мәселелердің бірі – заңсыз импорт. Егер біз отандық өндірісті дамытып, Қазақстан зауыттарында шығарылатын көліктер үлесін арттыруды мақсат етсек, онда заңсыз әкелінетін автокөліктер бұл міндетті жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Өкінішке қарай, мұндай фактілер әлі де тіркеліп отыр, – деді министр Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Е.Нағаспаевтың айтуынша, қазір негізгі міндет – автокөліктердің заңсыз әкелінуіне барынша тосқауыл қою.
– Бәріміздің алдымызда тұрған басты міндет – «сұр импортты» мүмкіндігінше шектеу. Қазақстанға мұндай автокөліктердің әкелінуіне жол бермеу үшін қатаң шаралар қабылдау қажет, – деді министр.
Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов 10 күн ішінде елге автокөліктерді заңсыз әкелудің жолын кесуге бағытталған кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.