Запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау қағидалары жаңартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрлігі запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау қағидаларына өзгерістер енгізді.

Құжатқа сәйкес, әскери кафедрада оқуға конкурсқа қатысуға ниет білдірген студент қабылданған жылы 1 ақпаннан бастап электрондық үкімет веб-порталы www.egov.kz арқылы, электрондық цифрлық қолтаңбасын қойып немесе байланыс операторы берген абоненттік нөмір қызмет алушының порталдағы жеке кабинетімен тіркеліп, қосылған жағдайда бір реттік құпиясөзбен расталған өтініш береді.
Қызмет көрсетуші арқылы жүгінген жағдайда студент қосымша келесі құжаттарды тапсырады:
– белгіленген үлгіге сәйкес қабылдау туралы өтініш;
– жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжат сервисінен алынған электрондық құжат (тұлғаны сәйкестендіру үшін);
– 3×4 см көлеміндегі фотосурет – 4 дана;
– соттылығының болуы немесе болмауы туралы анықтама;
– ЖОО-да нақты оқитыны туралы, факультеті мен мамандығы көрсетілген анықтама.
Қызметті жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары 5 жұмыс күні ішінде тегін көрсетеді. Өтініш қабылдау 30 маусымға дейін жүргізіледі.
Әскери кафедрада оқуға конкурсқа қатысуға ниет білдірген студент құжат тапсырған күні ЖОО қызметкері құжаттарды қабылдап, тіркейді. Егер студент толық емес құжат пакетін немесе мерзімі өтіп кеткен құжат тапсырса, қағиданың 3-2-қосымшасына сәйкес құжаттарды қабылдаудан бас тартады.
Қызмет көрсетуші өтініш түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде құжаттардың толықтығын тексереді және келесі шешімнің бірін қабылдайды:
– үміткерлер тізіміне енгізу үшін құжаттарды қабылдау;
– мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 73-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту негіздері анықталған жағдайда, қызмет көрсетуші қызмет алушыны алдын ала шешім туралы, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту, сондай-ақ қызмет алушының алдын ала шешім бойынша өз ұстанымын білдіру мүмкіндігі болатын тыңдаудың уақыты, күні мен орны туралы хабардар етеді.
Тыңдау мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 жұмыс күні бұрын тағайындалады және хабарлама жіберілген күннен бастап 2 жұмыс күнінен кешіктірілмей өткізіледі.
Тыңдау нәтижелері бойынша қызмет алушыға қызмет көрсетушінің уәкілетті тұлғасы ЭЦҚ арқылы немесе қағаз құжат түрінде оң шешім немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту жөнінде хабарлама жіберіледі.
Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту негіздері:
– мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ведомствоаралық сұрау салуға уәкілетті мемлекеттік органның теріс жауабының болуы;
– қызметті алуды талап ететін қызметті жүргізуге тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;
– мемлекеттік қызмет алуға байланысты арнайы құқықтан айыру туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы.
Бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Айта кетсек, таяуда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды тапсырды.