Зар заман ақыны атанған Мұрат Мөңкеұлының мазарын білесіз бе?
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Қазақ әдебиетінде шығармалары қайшылыққа толы «зар заман ақындары» саналған үш айтулы тұлға бар. Соның бірі - қазақтың суырып салма ақыны, төкпе жырау атанған Мұрат Мөңкеұлы. Оның туғанына биыл - 175 жыл, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында дүниеге келген. Оның мазары жергілікті маңызы бар киелі орындар тізіміне енген. ҚазАқпарат тілшісі мазар жөнінде тарих тұңғиығынан сыр шертеді.
Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906) - айтыскер ақын, жырау. Жасынан жетім қалып, ағасы Матайдың қолында тәрбиеленген.
Ауыл молдасынан білім алған. Есет би мен Абыл ақыннан өнеге алып, өзі Мұрын жырау Сеңгірбайұлына ұстаздық еткен. Мұрат Мөңкеұлы 17 жасында Жылқышы, 20 жасында бала Ораз, 25-інде Жаскелең, Жантолы, Шолпан, Тыныштық сынды ақындармен айтысып, жеңіп шыққан. Ол өзінің өжет мінезі, қағытпаға жүйріктігі, тапқырлығымен әрдайым жеңіске жеткен.
«Ақын Мұрат Мөңкеұлының жерленген жері - Индер ауданы, Жарсуат ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 3 мың шақырым жерде орналасқан. Қазіргі таңда ескерткіш жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің бірі болып табылады. 1993 жылы қабір үстіне күмбезді мазар тұрғызылған. Кесененің іргетасы - біртұтас бетон. Қабырғасы ақ ұлутаспен қапталған. Кесененің жоспары тікбұрышты, ұзынды 5,4 метр, ені 4,1 метр. Мазарға кіре берістегі порталдың ұзындығы 1,6 метр, ені 2,8 метр, биіктігі 4,5 метр. Басты қабырғаның биіктігі 4,4 метр. Ал күмбезбен бірге есептегенде мазардың биіктігі 8,10 метр. Қоршаудың көлемі 9х7 метр. 2005 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді», - дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов.
Мұрат ақын елінің тәуелсіздігін аңсап, бодандыққа қарсы жыр толғағаны үшін «Зар заман ақыны» атанды. Қазақ поэзиясындағы аса құнды «Үш қиян», «Өлім», «Сарыарқа», «Қыз», «Арғымақ сыйлап не керек?», «Аттан сұлу болар ма?», «Жалғаншы фәни жалғанда», т.б. көлемді шығармалардың авторы.
Мұрат Мөңкеұлы елінің тәуелсіздігін аңсап, бодандыққа қарсы жыр толғады. Зар заман ақыны атанды. Ата қонысының отарлаушы талауына түскеніне налыған ақын өзі туып өскен даланың кешегі күнін сағынышпен еске алған. Оның «Әуелі жеңіп орыс Еділді алды, Сарытау, Аштарханның жерін алды. Тәмамы су мен нуды орыс ұстап, Қазақтың мұнан жұтап шалынғаны», «Қазақтың жер-мұрасы», «Кең қоныс қайдан іздеп таптырады?» деген жыр жолдары ақынның отаншылдық рухына дәлел болады.
Ақынның басты шығармасы - «Үш қиян». Мұнда ақын ескі дәстүрдің іргесі шайқалғанын, адамдар ниетінің бұзылуын сөз етеді. Құнарлы қоныстарды тартып алған отарлау нәтижесінде тұрмысы нашарлап, тығырыққа тірелген ел тағдыры ақынды тебірентпей қоймайды. «Үш қиян» толғауымен «Сарыарқа», «Әттең, қапы дүние-ай», «Қазтуған» жырлары үндес. Мұнда айтылатын басты нәрсе - жер, құтты қоныс жайы. Ол «Қарасай-Қази», «Шәлгез», «Ғұмар Қазиұлына айтқаны» атты жырларына діни аңыздарды негіз еткен. Білімді игермейінше елінің өркендемейтінін «Оқудан қайтқан азаматқа» өлеңінде аңғартады. Ақын мұрасының бір шоғыры - би-болыстарға айтқан арнау өлеңдері.
Мұрат Мөңкеұлы майталман жыршы, термеші ретінде де танылған. «Өлім», «Қыз», «Арғымақ сыйлап не керек», «Аттан сұлу болар ма?», «Жалғаншы фәни жалғанда» атты термелерінде заман сырына үңіліп, өмір мен өлім, жастық пен кәрілік, сұлулық хақында толғанады. «Оқудан қайтқан жігітке хат», «Еліне жазғаны», «Бір досқа» атты хат үлгісінде жазылған үш туындысы сақталған. Ақын «Қырымның қырық батыр» жырын, Шалкиіз, Қазтуған шығармаларын жеткізушілердің бірі болған. Әсіресе Махамбет өлеңдерін жеткізудегі еңбегі ерекше. Махамбет жырлары Қуан жырау - Мұрат - Ығылман ақындар арқылы біздің заманымызға жеткен.