Зарина Дияс Португалиядағы турнирде камбэкпен ширек финалға өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 246-ракеткасы Зарина Дияс Сейшал (Португалия) ITF W50 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Жарыстың 8-ракеткасы ретінде тіркелген Зарина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 275-орында тұрған жапониялық Мэй Ямагутиге қарсы келді.
Бірінші партияда З.Дияс 4:1 есебімен алға шыққанымен, беріп қойды – 4:6. Дегенмен екіншісінде есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте қазақстандық спортшы 5:1 есебімен алға кетті. Содан кейін матчты кезекті брейкпен түйіндеді – 6:1. Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 9 минутқа созылды.
Зарина Дияс жартылай финалға шығу үшін әлемнің 217-ракеткасы, чехиялық Габриэла-Андреа Кнутсонмен шеберлік таластырады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 306-ракеткасы Жібек Құламбаева Гаага (Нидерланд) ITF W75 турнирінің ширек финалынан тыс қалды. Ол екінші айналымда рейтингіде 521-сатыдағы франциялық, 20 жастағы Женни Лимнен жеңіліс тапты – 1:6, 6:3, 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Португалиядағы жарыста қарсыласын ойсырата жеңгенін жазған едік.