Зарина Дияс Уимблдонның төртінші айналымына шыға алмады

Myscore.ru сайтынан тікелей көрсетілімде мәлім болғанындай, тартысты өткен бірінші партияда бар мәселе тай-брейкте шешілді. Мұнда хорватиялық теннисші 8:6 есебімен басым түсті. Екінші партияда өз геймдерін сәтті өткізіп, екі мәрте брейк жасаған П.Мартич 5:0 есебімен алға кетті. Ал Зарина өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Тек бір ғана геймді өз пайдасына жазғанымен, 1:6 есебімен ұтылып қалды.
Осылайша, жекелей сында Уимблдон турнирінде Қазақстаннан ешкім қалған жоқ. Дегенмен, өткен жылы жарақат алып, биыл ғана осындай ірі жарысқа қосылған З.Диястың Уимблдон турнирінің үшінші айналымына дейін жетуін табыс деп бағалауға болады. Ал П.Мартич төртінші айналымда турнир барысында дүниежүзілік рейтингте үшінші орында келе жатқан чехиялық Каролина Плишкованы жолдан тайдырған әлемнің 87-інші ракеткасы, словакиялық Магдалена Рыбариковамен күш сынасады.
Еске сала кетейік, Зарина Дияс 2014 және 2015 жылдары Уимблдон турнирінің төртінші айналымына дейін барып, әзірге спорттық жолындағы ең үздік көрсеткішіне қол жеткізген болатын.