Зарина Дияс Жапониядағы жарысты жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Куруме (Жапония) ITF W75 турнирін жеңіспен бастады.

Отандасымыз жарақатына байланысты екі жылдық үзілістен кейін кортқа биыл ғана оралған еді. Курумиде алғашқы айналымда Зарина әлемнің 410-ракеткасы, 24 жастағы Сакура Хосогимен сынға түсті.
Бірінші партияда қазақстандық спортшы 6:4 есебімен қорытындыласа, екіншісінде Хосоги қарымта қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте Зарина 5:2 есебімен алға шығып, матчқа екі рет доп бергенде, жеті матчболын пайдалана алмады. Дегенмен тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:2). Текетіреспен өткен матч 2 сағат 25 минутқа созылды.
Зарина Дияс ширек финалға шығу үшін әлемнің 214-ракеткасы, Таиланд өкілі, 21 жастағы Мананчэйа Савангкаевпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Загребте жарыстың үшінші ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.