Зарина Дияс Жапониядағы жарыстың ширек финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 297-ракеткасы Зарина Дияс Такасаки (Жапония) ITF W100 турнирінде екі матчын жеңіспен аяқтады.
Қазақстандық спортшы алғашқы айналымда әлемнің 289-ракеткасы, индонезиялық Приска Маделин Нугрохоны қапы қалдырды – 6:2, 0:6, 6:4.
Тартысты бәсеке екі сағаттан астам уақытта бітті.
Зарина бүгін әлемдік рейтингіде 305-орындағы оңтүстіккореялық Со Хен Пакпен кортқа шықты. Теннисшілер бұған дейін өзара кездеспеген еді.
Бір сағат 49 минутқа созылған ойын 6:4, 7:6 (8:6) есебімен қазақстандық теннисшінің пайдасына шешілді.
Зарина Дияс жартылай финалға шығу үшін әлемнің 181-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы, жапониялық Химено Сакацумемен таласады.
З.Дияс қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 283-орынға көтеріліп тұр.
Тағы бір қазақстандық, әлемдік рейтингіде 861-орындағы, 20 жастағы Аружан Сағындықова Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF W15 жарысын жеңіспен бастады. Ол бастапқы кездесуінде рейтингіде 1227-сатыдағы нидерландылық Рикке де Конингті жолдан тайдырды – 6:2, 2:6, 6:2.
Аружан екінші айналымда әлемнің 832-ракеткасы, италиялық Маддалена Джорданодан өтуге тырысады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 17 жастағы Заңғар Нұрланұлының ересектер арасында алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.