Зайсандағы әуежай құрылысы аяқталуға таяп қалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының шекара шебіндегі Зайсан ауданында салынып жатқан жаңа әуежай құрылысының жалпы дайындығы 86,6 пайызға жетті.
Әуежай құрылысы Мемлекет басшысының шекара маңындағы аумақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Пайдалануға берілгеннен кейін ол Зайсан ауданын Астана, Алматы және Өскемен қалаларымен тікелей әуе қатынасымен байланыстырады. Ал алдағы уақытта халықаралық бағыттарды, оның ішінде Қытайға рейстерді ашу жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта ұшу-қону жолағының, рульдеу жолының, перронның, әуежай қоршауының, су бұру жүйесінің және кіреберіс автокөлік жолдарының құрылысы толық аяқталды. Сонымен қатар жарық-сигнал беру жүйесін, инженерлік желілерді және аэронавигациялық инфрақұрылымды монтаждау жұмыстары жалғасып келеді.
Құрылысшылар әуежайдың жолаушыларды қабылдауына қажетті негізгі нысандарды салуға басымдық беріп отыр. Атап айтқанда, аэровокзал ғимараты, командалық-диспетчерлік пункт, апаттық-құтқару кешені, әкімшілік-тұрмыстық және инженерлік нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жарық-сигнал беру жабдықтары орнатылып, инженерлік желілер тартылуда, аэронавигациялық және метеорологиялық инфрақұрылым жасақталып, аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынған.
— Бүгінде жобаның төртінші кезеңін іске асырып жатырмыз. Бұл кезеңге терминалдың және әуежай аумағындағы барлық қосымша ғимараттардың құрылысы кіреді. Жобалық құжаттама кезең-кезеңімен келіп жатқандықтан, кейбір жұмыстарды техникалық шешімдер алынған бойда орындауға тура келеді. Соған қарамастан құрылыс қарқынын барынша жеделдетіп жатырмыз, — дейді жоба жетекшісі Ербол Тәжібаев.
Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа әуежай Зайсан ауданына жету мүмкіндігін арттыра түспек. Сондай-ақ логистиканың дамуына, туризмді өркендетуге және инвестиция тартуға қосымша серпін береді.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жобаның іске асырылуы тұрақты бақылауда. Қазіргі таңда нысанның жалпы құрылыс дайындығы 86,6 пайызды құрайды. Жаңа әуежайды биыл күзде пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Астана әуежайының қызметінен монополияға қарсы талаптардың бұзылғаны анықталғаны хабарланған.