Зайсандағы өрт: 100-ге жуық ерікті тартылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында қамыс пен шөпті шарпыған жалынмен күрес жалғасып жатыр.

Оқиға орнында өрт сөндірушілерден бөлек 200-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде 100 ерікті және 100 жергілікті атқарушы орган қызметкері бар.
— Өрт ошағы елді мекендерден алыс, жету қиын аймақта орналасқан. Халыққа және тұрғын үйлерге қауіп жоқ. Жағдай бақылауда, өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Біз тұрақты мониторинг жүргізіп отырмыз және қажет болған жағдайда қосымша күш тартамыз. Тұрғындардан сабыр сақтап, тек ресми дереккөздердің ақпаратына сенуді сұраймыз, — деді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен оқиға орнына оның орынбасары Бақытжан Баяхметов барды. Ол жағдайды жеке бақылауда ұстап, өртті жою шараларын үйлестірмек.
— Қазіргі уақытта арнайы құрылған жедел топ құрамында өрт сөндірушілер, коммуналдық қызметкерлер және табиғат апатының салдарын жоюға көмектесуге дайын жергілікті тұрғындар бар. Күшті желдің салдарынан өрттің әрі қарай таралу қаупі бар, — деп хабарлады облыстық ТЖД-дан.
Еске салсақ, осыған дейін Зайсан ауданында қамыс өртенгені жайлы жазғанбыз.
Өртті ауыздықтауға тікұшақ тартылған.