Зеленский АҚШ-тың бейбітшілік жоспарын алды және оны Трамппен талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Украина президентіне бейбітшілік жоспарының жобасын тапсырды. Украина көшбасшысы алдағы күндері АҚШ президентімен «қолжетімді дипломатиялық мүмкіндіктер мен бейбітшілік үшін қажетті негізгі мәселелерді» талқылауды жоспарлап отыр, деп мәлімдеді DW.
Вашингтонның бағалауынша, жоспар жобасы Украина қақтығысын шешуге бағытталған дипломатиялық күш-жігерді жеделдете алады.
— Бүгін мен Құрама Штаттар өкілдерімен кездестім. Жоғары лауазымды делегация, өте маңызды әңгіме. Америка тарапы өз ұсыныстарын — соғысты тоқтату жоспарының тармақтарын — өз көзқарасын ұсынды, — деп растады Владимир Зеленский.
Зеленский алдағы күндері АҚШ президенті Дональд Трамппен «қолжетімді дипломатиялық мүмкіндіктер мен бейбітшілік үшін қажетті негізгі мәселелерді» талқылайды деп күтіліп отыр.
— Біз осы күндері еуропалық көшбасшылармен көптеген әңгіме, көптеген хат алмасу жүргізіп жатырмыз — және мен Украинаның барлық достарына қолдауы үшін алғыс айтамын. Бүгін мен Финляндия президенті Стуббпен сөйлестім — біз күш-жігерімізді үйлестіріп жатырмыз. Мен сондай-ақ Франция президентін қоса алғанда, басқа көшбасшылармен үнемі байланыстамын. Алдағы күндері президент Трамппен әңгімелесуімді күтемін. Біз Американың күші мен Американың қолдауы бейбітшілікті шынымен жақындата алатынын толық түсінеміз және біз мұны жоғалтқымыз келмейді, — деп қосып өтті Украина президенті.
Америкалық бейбітшілік жоспары әлі ресми түрде жарияланған жоқ, бірақ оның жалпы ережелері баспасөзде 19 қарашада жарияланып үлгерді. Reuters агенттігі және басқа да бірнеше батыстық БАҚ оның аумақтық жеңілдіктер, қарулы күштердің санын азайту және кейбір қару түрлерінен бас тарту талаптарын қоса алғанда, 28 тармақтан тұратынын хабарлады.
Бұған дейін Түркия президенті Ердоған Ыстанбұлда Ресей мен Украина келіссөзін қайта бастауға шақырғанын жазған едік.