Зеңгір таудың етегінде жайқалып тұр — Катонқарағай күнбағыс алқабынан репортаж
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданында жаздың екінші жартысында гүлдейтін күнбағыс алқаптары сары түске боялып, таулардың саясында ерекше құлпырып тұр. Kazinform тілшісі назарларыңызға сол сәттің фотосуреттерін ұсынады.
Катонқарағай ауданы табиғаты негізінен таулы әрі орманды болғандықтан, оны көбіне Алтайдың көркем ландшафтары, ұлттық паркі және марал шаруашылығымен байланыстырады.
Дегенмен соңғы жылдары ауданның кейбір жазық бөліктерінде күнбағыс алқаптары да көбейіп, олар туристердің қызығушылығын тудырып келеді.
Күнбағыстар жаздың екінші жартысында гүлдейді. Аспанмен астасқан таулардың етегінде ерекше құлпырып тұрған күнбағыстар көздің жауын алады. Әсіресе рауандап таң атқанда және күн батар шақта бұл фотоға түсуге тапсырмас жер.
Күнбағыс өңірде тек әсем көрініс үшін ғана емес, ауыл шаруашылығы дақылы ретінде өсіріледі. Оның тұқымы тағам үшін пайдаланылып, май өндіруге жіберіледі. Сонымен қатар бұл дақыл топырақ құнарлығын сақтауға да бағытталады.
Катонқарағайдағы күнбағыс алқаптары өңірдің табиғи сұлулығына ерекше реңк беріп, экотуризмді дамытуға ықпал етіп отыр. Сондықтан жайдары жаз кезінде бұл жерге табиғатты тамашалап, фотосессия жасау үшін келетін қонақтардың саны артып келеді.
Еске салсақ, осыған дейін Бұқтырма жағалауынан фоторепортаж ұсынған болатынбыз.