10:57, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Зеренді ауданында жергілікті әкімдер есебінде әлеуметтік бағыттағы 200 ұсыныс жасалды
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданында селолық әкімдердің тұрғындармен 56 кездесуі өткізіліп, соның барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған 200 ұсыныс жасалды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Зеренді селолық округінің әкімі Марат Құлманбетов өзінің есебінде өткен жылғы табыстарын тілге тие ете келіп, әлі де шешімін күткен түйткілдерге баса назар аударды. Бүгінде Красный кордон, Көктерек, Қошқарбай, Айдарлы ауылдарында көшелерді жарықтандыру, телефон байланысы, ауыз сумен қамтамасыз ету шаралары шешімін тапқан. Дегенмен де ауылдың жолдары мен абаттандыру ісі, жұмыспен қамтамасыз ету, жер телімдерін тиімді пайдалану, жастарды ауылдық жерде тұрақтандыру, кәсіпкерлікті жандандыру өзекті мәселелер ретінде қарастырылып отыр. Кездесуге қатысқан ауыл тұрғындарының ойы осы тұрғыда өрбіді. Өз кезегінде аудан әкімі Ербол Сағдиев жыл қорытындысын сабақтай келе, басымдықтар кездесулерде көтерілген мәселелерді шешуге бағытталатынын жеткізді. Қазірдің өзінде кездесулерге үш мыңға тарта адам қатысып, 300-і өз талап-тілектерін білдірген. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі білім, денсаулық, мәдениет нысандарының жұмысын жандандыру, электр, көгілдір отын, телефон байланысымен қамту,жер телімдері, жол құрылысы, тұрғын үй жайында өрбіген. «Барлығын бір күнде шешу мүмкін емес, бірақ өзекті мәселелер бір жүйеге келтіріледі», - деп қорытындылады өз сөзін аудан басшысы.