16:13, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Зерендіде 140 орындық бала бақша іске қосылды
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 22-cі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданының орталығы Зеренді селосында 140 орындық «Арайлы» бала бақшасы бүлдіршіндерге есігін айқара ашты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Бұл ? осы өңірде соңғы жылдары жаңадан салынған алғашқы мектеп жасына дейінгі мекеме болып табылады. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 194 миллион теңге қаржы бөлініп, айналасы бір жыл ішінде екі қабатты ғимарат іске қосылды.
Бақшада жеті топтың төртеуінде бүлдіршіндер мемлекеттік тілде тәлім алатын болады. Олар үшін асхана, әдіскерлер мен психолог бөлмелері, жайлы жатар орын, ойын-сауық және әуен залдары ескеріліп, тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Аулада балғындардың бір мезгіл бой жазып, серуендеуіне барлық жағдай жасылынған. Бұған дейін аудан орталығында 130 орындық «Балауса» бала бақшасы балғындар игілігіне тапсырылған еді. Аудан әкімі Ербол Сағдиевтің айтуынша, бүгінгі таңда өңірде 11 бала бақша мен 18 шағын орталықта мыңға тарта бүлдіршін аялы қамқорлыққа алынып отыр. Алдағы уақытта Еленов мен Куропаткино ауылдарында бір-бірден бала бақшасы және алты шағын орталық балғындар игілігіне берілмек.
