Зейнет жасын арттыру арқылы жүйені жаңғырту саланың тұрақты дамуына сеп болмақ

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Соңғы 15 жылда Қазақстанда әлеуметтік жаңғырту шаралары сатылап жүзеге асты. Білім беру, денсаулық сақтау, түптеп келгенде адам өмірінің сапасын жақсарту жұмыстары кешенді түрде қолға алынып, діттеген дүниелер біртіндеп еңсеріле бастады. Соның ішінде зейнетақы жүйесін жаңғырту жұмысында да толайым табыстар, тұщымды нәтижелер болды.

Зейнет жасын арттыру арқылы жүйені жаңғырту саланың тұрақты дамуына сеп болмақ

1998 жылдан бастап зейнетақыны жинақтау жүйесіне өттік. Алайда, дәл осы салада бірқатар жылдар бойы қордаланып келген проблемалар да бар екендігі даусыз. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банк алдына еліміздегі зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы келелі тапсырмаларды жүктеген болатын.

Дәл осы мақсатта Үкімет арнайы заң жобасын әзірлеп, оны Парламент Мәжілісінің қабырғасында бір мәрте талқыдан да өткізген еді. Кейіннен, депутаттар қозғау салған мәселелер, қоғам тарапынан көтеріліп отырған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, заң жобасын атқарушы билік қайта пысықтап шыққан болатын. Кешегі күні Үкімет жаңа заң жобасын мақұлдап, бүгін халық қалаулылары алдында кезекті таныстырылымын өткізді.

Зейнетақы жүйесін жаңғыртуды мақсат тұтқан заң жобасы басты екі мәселені шешуді мұрат етеді. Оның біріншісі әрі бастысы әйелдерге қатысты зейнетке шығу жасын ерлердің жасымен бірдей етіп теңестіру. Екінші мәселе - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу. Әлбетте, бұны бәзбір аяқ астынан айтылып, айды аспаннан шығарған жәйт деп қабылдауға келмес. Біраз жылдар бойы сарапшылар тарапынан оқтын-оқтын көтеріліп, түрлі пікірталасқа түсіп келген мәселе. Дегенмен, бұндай қадамға дәл бүгін баруға не себеп болды? Алдымен мәселенің осы тұсын қаузап көрелік.

Зейнеткерлер мәселесімен айналысатын басты орган Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әйелдердің зейнет жасын арттыру ең алдымен 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтілінің азаюына байланысты туындайды. Бұл ретте министрлік сарапшылары 2012 жылы зейнетақы тағайындау үшін өтініш білдірген әйелдердің 12 пайыздан астамының 1998 жылғы 1 қаңтарға жинақталған толық еңбек өтілі болмағанын, ал 2018 жылға қарай зейнетке шығатын ондай әйелдердің барлығында толық өтіл болмайтынын алға тартады. Демек, 2018 жылдан кейін зейнетке шығатын әйелдердің зейнетақысы базалық зейнетақы мен 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне сәйкес бюджеттен ынтымақты зейнетақыны қамтиды. Бұл ретте еңбек зейнетақысы толық емес еңбек өтіліне байланысты жыл сайын бекітілетін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болуы мүмкін. Болжам бойынша әйелдердің алатын зейнетақысы бұрынғы орташа айлық жалақының 40 пайызынан кем болмақ. Сондықтан да зейнетақы жасын біріздендіру бюджет қаражатын үнемдеу үшін ғана емес, әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін және зейнетақы жинақтарының көлемін ұлғайту үшін ұсынылуда.

Ал зейнетке шығу жасын ер азаматтармен бірдей деңгейге теңестіру шарасы бірден емес, біртіндеп жүзеге асады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің айтуынша, ел Үкіметі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының шешімі бойынша әйелдердің зейнетке шығу жасын көтеру келесі жылдан басталып (әрине, егер заң жобасы қабылданса) 10 жыл ішінде 6 ай сайын кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл қадам ең алдымен зейнетке шығар алдындағы азаматтарға ауыртпалықты азайту мақсатын көздейді. Мәселен, келер жылдан бастап жасы 58-ге толған 6 айдан кейін, яғни 58,5 жасында зейнетке шығады. Осылайша, әйелдер қауымы зейнетке шығу жасының ұлғаюына біртіндеп бейімделеді.

Тоқтала кететін жайт, дәл осы зейнет жасын көтеру мәселесін әлемдік үдерістерден де айқын аңғаруға болады. Нақты айтқанда Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзербайжан, Украина, Эстония мемлекеттерінде де қолға алынып жатыр. Еуроодақтың 18 елінде әйелдердің зейнетке шығу жасы 2020 жылы ерлердің жасымен теңестіріледі, басқа 5 елде де бұл мәселе күн тәртібінен түспеген. Осы мемлекеттерде де зейнеткерлік жасты арттыру кезең-кезеңмен жүргізіледі. Мысалы, Оңтүстік Кореяда әйелдердің зейнеткерлік жасын 65-ке жеткізу 20 жыл ішінде жүргізілсе, Францияда 62 жасқа дейін 8 жылда, Украинада 60 жасқа дейін 10 жылда жүзеге асырылатын болады.

Тоқтала кететін жайт, заңға енгелі отырған өзгерістер зейнетақы жүйесінде қордаланған мәселелерді рет ретімен аз уақытта шешуге ықпал етіп қана қоймай, қоғам арасындағы түрлі ұсыныстарды да оңтайлы қамтуға бағытталады. Мәселен, әйелдер үшін жалпы зейнет жасын күтпей ерте шығу секілді басқа жеңілдіктер сол күйінде сақталады. «Заң жобасында ертерек шығу жасы да көрсетілген. Мысалы, көп балалы аналардың 53 жастан шығу мүмкіндігі бар. Ол да сақталып отыр. Сонымен қатар, Семей өңірінде тұрып жатқандар әйелдер 45, еркектер 50 жастан шығады. Ондай заң талаптары сақталуда», дейді министр Серік Әбденов.

Нақтырақ айтқанда, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі бар әйелдер үшін зейнеткерлікке ерте шығу құқығы сақталады. Жалпы еңбек өтілі 20 жылдан кем емес, 5 және одан да көп балалы және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге 53 жаста, «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде 10 жыл төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында тұрған, кемінде 20 жыл жалпы еңбек өтілі бар әйелдерге 45 жаста зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ еңбек өтіліне сәбилердің күтімімен жұмыс істемейтін аналардың күтім жасаған уақыты, нақты айтқанда әрбір баласы 3 жасқа жеткенге дейінгі уақыт 12 жыл болып есептелінеді. Сонымен бірге, жинақтаушы зейнетақы қорларына қатысушылар үшін зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде Қордан берілетін зейнетақы төлемдерін тағайындау құқығы 55 жастан сақталатын болады. Яғни, таратып айтсақ, зейнетақы қорындағы салымын 3 миллион 100 мың теңгеге дейін жеткізген әйелдер 50 жасында да зейнетке шыға алады.

Заң жобасындағы және бір жаңалық жалдамалы әйел жұмыскердің біліктілігін өндірістен қол үзіп және қол үзбей арттыруды, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында өз бетінше жұмыспен айналысатын әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамтуды, кәсіпкерлікпен айналысатын немесе өз ісін ашуды қалайтын әйелдер үшін шағын несиелердің қолжетімділігін кеңейтуді, бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдерді таңдаған кәсібі бойынша оқытуды, Еңбек кодексіне жұмыс берушіге зейнеталды жастағы әйелдермен еңбек қатынастарын тоқтату бөлігінде қойылатын талаптарды қатаңдатуды көздейтін өзгерістер енгізуді, жүктілігі мен босану, бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауды қамтиды.

Жалпы, Үкімет мүшелері зейнетақы жүйесін бұлайша жаңғыртудың болашағына сенімді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов шаралардың тұтасымен зейнетақы жүйесін өзгертуге арналып отырғанын, нәтижесінде зейнетақы жүйесі тұрақты түрде және ұзақ мерзімде қызмет көрсете алатынын алға тартады. Ал Қаржы министрі Болат Жәмішев жаңалықтың барлығы зейнетақы жүйесін біртұтас етіп кешенділеу үшін жасалынып отырғанын айтады. «Бұл үшін зейнетақы төлеу базасын түбегейлі өзгерту керек. Сол кезде қордан зейнетақы төлеу жетіспеушілігі болған жағдайда мемлекет кепілдік бола алады», дейді министр.