Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Зейнетақы аннуитеті: қазақстандық салымшылар нені ескергені жөн

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде зейнетақы жинағы бұған дейін негізінен тұрғын үй сатып алу немесе медициналық қызмет ақысын төлеу мүмкіндігі ретінде қарастырылып келді. Азаматтардың көбі енді оны сақтандыру компаниясы арқылы өмір бойғы төлемді рәсімдеуге мүмкіндік беретін зейнетақы қаражатын пайдаланудың балама тәсілі ретінде көре бастады.

зейнетақы, жәрдемақы, төлемақы
Коллаж: Canva

Зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі көтерілгелі бері зейнетақы аннуитетіне сұраныс артты. Өйткені енді бірқатар азамат зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалана алмайды. Сондықтан олар үшін зейнетақы аннуитеті анағұрлым өзекті құралға айналды. Осы орайда мамандар әңгіме зейнетақымен қамтудың таяу болашаққа арналған үлгісі туралы болғандықтан барлық шартты мұқият саралағаннан кейін ғана шешім қабылдауға кеңес береді. 

Зейнетақы аннуитетінің мәні неде екенін БЖЗҚ түсіндірді. Бұл — салымшы мен сақтандыру ұйымы арасындағы зейнетақы жинағы есебінен ай сайынғы өмір бойғы төлемді алуға мүмкіндік беретін келісім. Бүгінде қазақстандықтар зейнетақы жинағын алудың бірнеше жолын таңдай алады.

Олар:

  • жинақ толық таусылғанға дейін тікелей БЖЗҚ-нан кесте бойынша төлем алу;
  • қаржының бір бөлігін немесе барлығын сақтандыру компаниясына аударып, өмір бойғы төлемді алу;
  • осы екі тетікті қолдана отырып, аралас нұсқаны пайдалануға болады.

Сақтандыру ұйымы арқылы төлемді рәсімдеу үшін зейнетақы аннуитеті жөніндегі келісімшарт жасалады.

Дереу төленетін және кейінге қалдырылған аннуитет: айырмашылығы неде

БЖЗҚ зейнетақы аннуитетін екіге бөледі. Дереу төленетін түрі аясында шарт жасалғаннан кейін бірден төлем жасала бастайды. Ол үшін салымшының зейнетақы қорында зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін жеткілікті қаржы болуы міндетті. Мұны 55 жастан асқан ер азаматтар, 53 жастан асқан әйел адамдар жасай алады. 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге арналған жас шегі біртіндеп көтеріліп, 2031 жылы 55 жасқа дейін жетеді. Зиянды және қауіпті өндірісте еңбек ететін жұмысшылар үшін өзгеше шарт қарастырылған. Егер міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасының түсу мерзімі 60 айдан кем болмаса, жедел аннуитетті 50 жастан бастап рәсімдеуге болады.

Кейінге қалдырылған аннуитет бойынша келісім шартты алдын ала жасай аласыз. Ал төлем белгіленген мерзімнен кейін ұсынылады. Оны зейнетақы жинағы жеткілікті адамдар 45 жастан, ал зиянды өндіріс жұмысшылары өзіне міндетті кәсіптік жарна кем дегенде 5 жыл (60 ай) бойы аударылып тұрған жағдайда жасауға құқылы. Ал төлем ер адамдарға 55 жастан, әйел адамдарға 53 жастан (жас мөлшерінің кезең-кезеңімен ұлғаятыны ескеріле отырып), зиянды әрі қауіпті өндіріс жұмысшыларына 50 жастан кейін беріледі.

Аннуитетке қызығушылық артты

Егер 2024 жылы БЖЗҚ жалпы сомасы 394,5 млрд теңгеден жоғары аударым жасау жөніндегі 62 592 өтінішті орындаса, өткен жылы мұндай өтініш саны 91 238-ге жетіп, аударым сомасы 427 млрд теңгеге жуықтады.

а
Инфографика: Kazinform

Қордың мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтары мен 1 маусымы аралығында сақтандыру ұйымдарына 45 843 өтініш негізінде 199,91 млрд теңге зейнетақы жинағы аударылған. Бұл өсім, әсіресе, ең төменгі жеткіліктілік шек көтерілгеннен кейін айтарлықтай байқалды. Мысалы, жаңа жеткілікті шек жария болғаннан кейін арада он күн өткесін, яғни 2026 жылдың 5-15 маусымы аралығында құны 34,02 млрд теңге 6 345 аударым жасалған.

Осыдан тура бір ай бұрын, яғни 5-15 мамыр аралығында 2 984 өтініш бойынша 12,07 млрд теңге аударылған. Осылайша аударым саны екі есеге жуық, ал сақтандыру компанияларына бағытталған қаржы көлемі үш есе дерлік өскен.

Одан бас тартуға бола ма

Келісім жасағаннан кейін зейнетақы жинағын БЖЗҚ-ға қайтаруға болмайды. Дегенмен, заңнамада келісімдегі шартты өзгерту мүмкіндігі қарастырылған. Салымшы келісім жасаған соң екі жылдан кейін сақтандыру компаниясына сақтандыру төлемінің мөлшерін төмендету және сақтандыру сыйақысының бір бөлігін БЖЗҚ-ға қайтару туралы өтінішпен жүгіне алады.

— Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің талабына сәйкес БЖЗҚ-ға сақтандыру компаниясындағы барлық жинағыңыз бен заң бойынша онда қалуы тиіс ең төменгі соманың арасындағы айырмашылыққа сай келетін қаржыны қайтара аласыз, — деп нақтылады БЖЗҚ.

Осылайша қаржының тек бір бөлігін қайтаруға болады. Сақтандыру компаниясында сізге өмір бойы әр ай сайын төленетін ақша қалуы керек. Оның мөлшері сол уақыттағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аз болмауы қажет. Қажет құжаттар мен өтініш беру тәсілдері туралы көбірек ақпаратты БЖЗҚ сайтының «Қызметтер мен зейнетақы ануитеті» бөлімінен табасыз.

БЖЗҚ шешім қабылдар алдында қандай кеңес береді

Қор атап өткендей, барлық адамға бірдей ортақ шешім жоқ. БЖЗҚ-дан төлем алу мен зейнетақы аннуитеті арасындағы таңдау адамның қаржылық мақсатына, өмірлік жағдайы мен тәуекелге қалай қарайтынына байланысты.

Келісім жасамас бұрын мынаны ескеру керек:

  • бірнеше сақтандыру компаниясының шарттарын мұқият оқып шығыңыз;
  • олардың тәжірибесі мен қаржылық көрсеткіштеріне көз жеткізіңіз; 
  • зейнетке шыққаннан кейінгі табыстың болашақ қажеттілігін бағалау;
  • болашақ төлем мөлшерін салыстыру. 

Ол үшін салымшылар БЖЗҚ-ның зейнетақы калькуляторын пайдалана алады. Осылайша болашақ зейнетақыңызды есептейсіз. Егер жинағыңыз жеткілікті болса, зейнетақы аннуитетінің болжамды төлемі туралы біліп, оны БЖЗҚ төлемімен салыстыруға болады.

— Ағымдағы қаржылық мүмкіндікті ғана емес, сонымен қатар алдағы өміріңіздегі өзгерістерді де ескеру маңызды, — деп атап өтті БЖЗҚ. 

Бұған дейін біз жеткілікті шек өскен соң, яғни 2026 жылдың 5-10 маусымы аралығында БЖЗҚ тұрғын үй шартын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемі туралы 52 өтінішті орындағанын жазғанбыз. 

Сондай-ақ ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2003 жылдан бастап жұмыс істеген мемлекеттік кепілдік күшін жойғаннан кейін зейнетақы жинағын басқару жүйесінің қалай өзгеретінін мәлімдеді.