Зейнетақы жинағы: 4 желтоқсанға дейін берілген офтальмологиялық өтініштер қабылданады
АСТАНА. KAZINFORM — Зейнетақы жинағынан ақша алуды шектейтін жаңа тыйым енгізілді.
4 желтоқсаннан бастап enpf-otbasy.kz платформасы Біржолғы зейнетақы төлемі есебінен офтальмологиялық қызметті төлеуге арналған өтінішті қабылдамайды.
— Өздеріңіз білесіздер, 15 қыркүйек күнінен бастап стоматологиялық қызметтерге өтінімдерді қабылдауды тоқтатқан едік. Содан кейін офтальмологиялық өтінімдер көп түсе бастады. Көптеген күдікті жағдай да болды. Біз ресми оператор өкілі ретінде күдікті жағдайлар болған кезде міндетті түрде ол туралы ескертуіміз керек. Сол себепті ДС министрлігінің бұйрығы аясында 4 желтоқсаннан бастап офтальмологиялық қызметтер бойынша өтінім қабылдауды доғардық, - дейді «Бүгін LIVE» студиясына берген онлайн сұхбатында «Отбасы банк» АҚ баспасөз хатшысы Назерке Ғалым.
Маман күдік тудырған оқиға туралы айтып берді.
— Осы жылы әртүрлі азаматтардан өтінім түсті. Бірақ ол азаматтардың клиникаларының атауы бір клиника болып шықты. Тек қана құжаттарында мекенжайлары әртүрлі қала деп көрсетілген. Біздің қызметкерлер әр құжатты мұқият қарағандықтан күдікке ілінді. Кейін біздің қызметкерлер бұл мекенжайларға барып көрді. Құжатта көрсетілген мекенжайлар бойынша ешқандай клиника болмай шықты. Біз өз тарапымыздан жағдай туралы хабарладық, - дейді спикер.
Ал 3 желтоқсанға дейін берілген өтініштер күшін жоймайды.
— Олардың бәрі кезек бойынша қаралады. Себебі ол кезде бұйрық шықпаған. Сол себепті қабылданады. Қазіргі уақытта офтальмология бағыты бойынша жалпы сомасы 13 млрд теңге болатын 15 800-дей өтінім келген. Оның ішінде тексеріліп жатқандары бар. Клиенттердің біразынан құжат күтіп отырмыз. Олар құжаттарды толық тапсырғанда өтініші бойынша беріледі. «Отбасы банкі» тек құжат бойынша жұмыс істейді. Егер министрлік тарапынан тізімнен шығарылған бағыттарды қайта қосу туралы бұйрық келсе, біз сол бұйрық аясында жұмысымызды жалғастырамыз, - дейді Назерке Ғалым.
Айта кетейік, Президент зейнетақы жүйесін және көші-қон саясатын жетілдіруді тапсырды.