Зейнетақы жинағын БЖЗҚ-ға қайтарудың қажеті жоқ — Отбасы банкі депозиттегі зейнетақы жинақтары туралы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтарға БЖЗҚ-дан алынған зейнетақы жинақтарының «артық» бөлігін Отбасы банкіндегі депозитте қалдыруға рұқсат берілді. 

Зейнетақы жинағын БЖЗҚ-ға қайтарудың қажеті жоқ – Отбасы банкі депозиттегі зейнетақы жинақтары туралы
Фото: Kazinform/ЖИ

Зейнетақы жинақтарын пайдалану мерзіміне қойылатын талаптың алынып тасталғаны туралы Отбасы банкі хабарлады.

— Көпшілігіңіз қандай да бір себеппен тұрғын үй сатып алуға үлгермесеңіздер, бұл қаражатты БЖЗҚ-ға қайтарудың қажеті жоқ, — деп хабарлады банк баспасөз қызметі.

Ол үшін заңнамаға өзгерістер енгізілді. Егер салымшы зейнетақы жинақтарын алты жыл ішінде пайдаланып үлгермесе, бұл қаражат депозитте қала береді және қолайлы уақытқа дейін сақталады.

— Алты жыл өткендіктен ғана жинақтарыңыз автоматты түрде БЖЗҚ-ға қайтарылады деп алаңдаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар Отбасы банкі ипотеканы рәсімдеуді кейінге қалдырмай, мүмкіндігінше бұл қаражатты тұрғын үй алуға арналған бастапқы жарна ретінде пайдалануға кеңес береді, — деп толықтырды банк.

Айта кетелік баспана кезегінде тұрғандар қандай жеңілдіктерді пайдалана алатыны туралы жазған едік