Зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға беру: ақшаның желге ұшпайтынына қандай кепілдік бар

АСТАНА. KAZINFORM – 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы жинағының 100 пайызына дейін инвестициялық портфельді басқарушыларға (бұдан әрі ИПБ) бере алады. Бұған дейін ИПБ-ға жинақтың 50 пайызына дейін ғана басқарту мүмкін болса, енді бұл шек алынып тасталады.

бжзқ
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын қазір негізінен Ұлттық банк басқарады. Яғни салымшының ақшасы жай ғана шотта жатпайды – ол түрлі қаржы құралдарына инвестицияланып, табыс әкелуге жұмыс істейді. Енді салымшыға осы жинақты басқару тәсілін таңдауға 100 пайыз мүмкіндік беріліп отыр. Басқаша айтқанда, ақшаны Ұлттық Банктің басқаруында қалдыруға немесе ИПБ-ға беруге таңдау пайда болады. Бұл таңдаудың мәні – қай нұсқада тәуекел мен ықтимал табыс арақатынасы өзіңізге қолайлы екенін анықтау. Сондықтан ИПБ-ға ақша беру туралы шешім қабылдамас бұрын, оның қалай жұмыс істейтінін және жинақтың қандай қорғаныс тетіктері барын түсініп алған жөн.

Ұлттық банк кімге кепілдік береді?

Ұлттық Банктің басқаруында қалған зейнетақы жинақтарына мемлекеттік кепілдік сақталады. Ал салымшы ИПБ-ның басқаруына берген жинақтарға бұл механизм қолданылмайды. Оның орнына ИПБ заңнамада белгіленген ең төменгі кірістілікті қамтамасыз етуге жауапкершілік алады. Бұл мемлекеттік кепілдіктен басқа тетік.

ИПБ банкрот болса, жинақ не болады?

Мысалы, БЖЗҚ-да 5 млн теңге жинағы бар салымшы осы ақшаны ИПБ-ның басқаруына берді дейік. Бұл ақша оның меншігіндегі қаражаттан бөлек есепке алынып, банктегі арнайы бөлінген шотта сақталады. Тіпті ИПБ-ның өз қарызы көбейіп кетсе немесе ол банкротқа ұшыраса да салымшының зейнетақы активтеріне қол тигізуге хақысы жоқ.

Елімізде 5,8 млн қызметкерге жұмыс берушінің қосымша зейнетақы төлемдері төленді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ИПБ қызметін тоқтатқан жағдайда да зейнетақы активтерін басқа басқарушыға немесе Ұлттық Банктің басқаруына беру механизмі қарастырылған.

Яғни «ИПБ банкрот болды – 5 млн теңге түгел жоғалды» деген сценарий мүмкін емес. Алайда бұдан «5 млн теңге қандай жағдай болса да сол қалпында сақталады» деген қорытынды жасауға болмайды.

Өйткені ИПБ зейнетақы активтерін қаржы құралдарына инвестициялайды. Олардың бағасы нарыққа байланысты өсіп те, төмендеп те отырады.

Мысалы, 5 млн теңге инвестицияланғаннан кейін нарық қолайсыз болып, портфельдің нарықтық құны уақытша төмендеуі мүмкін. Осы жерде жаңа жүйенің тағы бір маңызды элементі – композиттік индекс пайда болады.

Композиттік индекс не үшін керек?

Қарапайым тілмен айтқанда, композиттік индекс – ИПБ-ның нәтижесін салыстыратын өлшем.

ИПБ «өзім қанша табыс таптым, соған қарай бағалаңдар» деп жұмыс істемейді. Оның нәтижесі алдын ала белгіленген композиттік индекспен салыстырылады.

Бұл деңгейді Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі белгілейді. Яғни ИПБ өзіне тиімді көрсеткішті өзі таңдап алмайды.

Ең маңыздысы – композиттік индекс ИПБ-ның міндетті түрде дәл сол пайыздық табысты көрсетуі керек деген сөз емес. Ол ең төменгі кірістілік деңгейін есептеуге негіз болады.

Мысалы, 12 айлық кезең үшін композиттік индекс 10 пайыз өссе, ИПБ үшін ең төменгі кірістілік деңгейі оның 95 пайызынан кем болмауы шарт – яғни, 9,5 пайыз. Ал нарық керісінше төмендесе, композиттік индекс те теріс мәнді нәтиже көрсетуі мүмкін.

ИПБ-ның өз нәтижесі төмен болып шықса ше?

Егер ИПБ-ның кірістілігі агенттік белгілеген ең төменгі деңгейден төмен болса, пайда болған теріс айырманы ИПБ өзінің капиталы есебінен өтеуге тиіс. Бұл ретте «ИПБ-ның капиталы жетпей қалса не болады?» деген сұрақ туындайды. Ұлттық банктің арнайы қаулысы ИПБ-ға теріс айырманы өз капиталымен өтеу міндетін жүктейді, бірақ оның капиталы жеткіліксіз болған жағдайда жетпеген соманы мемлекет автоматты түрде өтейді деген жалпы кепілдік көзделмеген. Бірақ ИПБ-ның меншікті капиталына қойылатын талап бар. Яғни басқарушының өзінде салымшылар алдындағы осындай міндеттемелерді орындауға мүмкіндік беретін жеткілікті қаржы болуы керек.

Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға қабылдайтын ИПБ-ның меншікті капиталы кемінде 440 мың АЕК (биыл 1 млрд 903 млн теңге) болуға тиіс. Бұдан бөлек, ИПБ-ның қаржылық тұрақтылығын сипаттайтын пруденциялық нормативтер де бар.

Бұл механизмді қарапайым тілмен былай түсіндіруге болады: ИПБ инвестициялайды → оның нәтижесі композиттік индекске негізделген ең төменгі кірістілік деңгейімен салыстырылады → нәтиже белгіленген деңгейден төмен болса, теріс айырманы ИПБ өз капиталымен өтеуге тиіс.

ИПБ-ның салымшы алдындағы осындай міндеттемесін орындауға өз қаржысы болуы керек.

ИПБ-ның инвестициялық қызметі бірқатар нормативтік талаппен шектелген. Зейнетақы активтерін кез келген қаржы құралына салуға болмайды – инвестициялауға рұқсат етілген құралдардың тізбесі заңнамада белгіленеді.

Сонымен бірге активтердің бір себетте шамадан тыс шоғырлануына лимиттер қойылған. Бұл барлық ақшаны бір компанияның бағалы қағаздарына салып қою сияқты тәуекелді шектейді.

Бұған қоса, ИПБ портфелінің тәуекел деңгейі де бақыланады. Инвестициялық портфельдің стандартты ауытқумен өлшенетін тәуекел көрсеткіші тиісті композиттік индекстің тәуекел көрсеткішінен қатарынан 12 ай ішінде 1,2 еседен артық болмауға тиіс.

Яғни ИПБ жоғары табыс табамын деп, тәуекелді шексіз арттыра алмайды. Оған қоса, ИПБ-ның өзінің қаржылық тұрақтылығына және меншікті капиталына қойылатын талаптар бар. Осының бәрін қосқанда, жүйе ИПБ-ға салымшының ақшасын кез келген тәсілмен инвестициялауға еркіндік бермейді.

зейнетақы
Инфографика: Kazinform

 

ИПБ-лар қазір қандай стратегия ұстанып отыр?

Салымшыға ИПБ таңдағанда тағы бір маңызды нәрсеге – инвестициялық стратегияға қарау керек. Оны оқырманға түсінікті болу үшін шартты түрде сақ, байыпты және өжет стратегия деп сипаттауға болады. Ал іnvest.enpf.kz ресурсындағы мәліметтерге қарасақ, қазір жұмыс істeп тұран ИБ-лардың бір бөлігі сақ, екінші бір бөлігі байыпты стратегия ұстанады.

Ki(12) – шартты түрде «сақ» портфель.

Оның композиттік индексінде:

  • 60% – Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына қатысты KZGB_DPs индексі;
  • 20% – әлемдік облигацияларды көрсететін Bloomberg Global Aggregate;
  • 10% – KASE акциялар индексі;
  • 10% – әлемдік акцияларды көрсететін MSCI ACWI.

Яғни индекстің 80 пайызы облигациялардан, 20 пайызы акциялардан тұрады.

Ki(36) – шартты түрде «байыпты» портфель. Мұнда акциялардың үлесі 60 пайызға, облигациялардың үлесі 40 пайызға жетеді.

Ki(60) – шартты түрде «өжет» портфель. Мұнда акциялардың үлесі 80 пайыз, облигациялардың үлесі 20 пайыз болады.

Бұл ИПБ нақты салымшының 5 млн теңгесін дәл осындай пропорциямен акциялар мен облигацияларға бөледі деген сөз емес. Тек тиісті портфельдің нәтижесін бағалау үшін қолданылатын композиттік индекстің құрылымы ғана.

Ал ИПБ нақты қандай активтерге және қандай көлемде инвестиция жасайтынын өзінің инвестициялық стратегиясы мен декларациясы айқындайды.

Сарапшы кеңесі

Экономист Мақсат Халық 7 қыркүйекте күшіне енетін бұл жаңашылдықты зейнетақы жинақтарының нарығын өзгертіп жіберетін соншалық бір позитивті бетбұрыс деп есептемейтінін айтады.

экономист Мақсат Халық
Фото: Мақсат Халықтың жеке мұрағатынан

- Мемлекет 100 пайыз рұқсат берді екен деп жинақты түгел басқа басқарушыға бере салу дұрыс емес. Жақсы ойыншы келгенін күтіп, «Ұлттық банк басқаруында отыра тұрайық» деген де ұтымды шешім болмауы мүмкін. Ондай мүмкіндік беріліп тұрғаннан кейін зейнетақының біраз бөлігін тәжірибе жинақтап, инвестициялық сауат ашу мақсатында ИПБ-ға беруге болады. Яғни, танымыңызды кеңейту үшін жинақтың бір бөлігін басқартып көру қажет. 

Өйткені инвестициялық сауаттылық әр адамға керек. Ерте ме, кеш пе, бұл тақырыпқа әркім келуі керек деп ойлаймын. Неғұрлым ертерек келсе, соғұрлым өзіне жақсы. БЖЗҚ-да бос ақшаңыз тұрған кезде бір бөлігін сенімгерлік басқаруға беріп, тәжірибе жасаған дұрыс деп есептеймін, - дейді Sana Business Academy негізін қалаушы.

Сондай-ақ, ол ИПБ таңдаған кезде қандай көрсеткіштерді негізге алу қажет екенін атап өтті.

- ИПБ-ны таңдаған кезде жас салымшыларға тәуекелге барып, түрлі ИПБ-ның қабілетін тексеріп көруге болады. Ал жасы 40-тан асқан салымшылар ондай тәуекелшілдікке бармағаны жөн. ИПБ-ны таңдаған кезде ақшаны салмай тұрып, одан портфельдің неше пайызы қандай құралдан жасақталғанын сұрау керек. «Бір жылда 15, 20 пайыз кіріс көрсеттік» деп жарнамалап жатады ғой. Ондай кірістіліктің қандай тәуекелдермен алынғанын сұрау қажет. Өйткені қатты тәуекелге баратын компаниялар көп табыс табады, табысы тұрақты болады деген ереже жоқ. Кей жағдайда тұрақты, тәуекелі байыпты компаниялар ұзақ мерзімде табысты болып шығуы мүмкін.

Көп адамдар бір жыл бұрын қай ИПБ көбірек табыс берсе, соны таңдай салып жатады. Ақша салмай тұрып тағы да сол кірістілік қандай тәуекелдер есебінен, қандай ахуал аясында болғанын мұқият зерттеу керек. Портфельдің қанша бөлігі облигацияларға, қанша бөлігі ETF-терге, қанша бөлігі акцияларға салынғанын біліп барып шешім қабылдаған жөн, - дейді сарапшы.