Зейнетақы жинағынан ақша алуды шектейтін жаңа тыйым енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Отбасы банк біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге арналған өтінімдерді enpf-otbasy.kz платформасы 4 желтоқсаннан бастап қабылдамайды. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады. 

офтальмолог
Фото: Kazinform

Осы күнге дейін жіберілген барлық өтінім қабылданып, белгіленген тәртіппен қаралады.

— Өтінім қабылдауды тоқтату Денсаулық сақтау министрлігінің БЖЗҚ емделуге пайдалану ережелеріне енгізген өзгерістерімен байланысты. Желтоқсанның үші күні тиісті бұйрық жарияланды. Жаңа ережелерге сәйкес, зейнетақы қаражатын стоматологияға да, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат берілмейді, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта банкте «офтальмология» бағыты бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңге болатын 15 808 өтінім бар. Оның ішінде:

• 5131 өтінім (4,6 млрд теңге) бойынша банк мамандары құжаттарды тексеріп жатыр;
• 10 677 өтінім (8,7 млрд теңге) бойынша клиенттерден қосымша құжат сұралып жатыр.

— Стоматология бойынша өтінімдер тоқтатылғаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артты. 15 қыркүйекке дейін айына орташа 174 өтінім мақұлданса, шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 7 есеге, яғни 1 264 өтінімге дейін өсті. Сонымен қатар, банк бірқатар күмәнді жағдайларды анықтады. Әртүрлі клиенттер бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасаса да, құжаттарда клиника әр қалада орналасқан түрлі мекенжайлармен көрсетілген. Тексеру барысында бұл мекенжайларда мұндай клиниканың жоқ екені белгілі болды, — делінген хабарламада.

Бірқатар бағыт тоқтатылғанына қарамастан, азаматтар БЖЗҚ артық қаражатты әлі де маңызды және қымбат ем түрлеріне пайдалана алады. 

— Орфандық (сирек) ауруларды емдеу, реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары, радионуклидті және радио-йод терапия, радиохирургиялық ем, протондық терапия, — делінген хабарламада. 

Айта кетелік БЖЗҚ-дан 46 млрд теңге жымқырған жалған стоматологиялардың бір иесі ұсталған еді

Соңғы жаңалықтар