Зейнетақы жинағының жеткілікті шегі: БЖЗҚ таяуда жаңа межені жариялайды
АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев елдегі БЖЗҚ жинағының жеткілікті шегі бойынша енгізілген өзгеріске қатысты түсінік берді.
- Еңбек министрлігі өз құзыреті шегінде ережелерге түзетулер енгізумен айналысты. Қолданыстағы формула 9 көрсеткіштен — ең төменгі жалақыдан, ең төменгі зейнетақыдан және басқа да көрсеткіштен тұрды. Жаңа формула 5 көрсеткіштен тұрады. Онда 9% жылдық табыстылық мөлшерлемесі, ай сайынғы төлемдер бойынша жылдық индекстеу мөлшерлемесі және өз де көрсеткіштер қамтылды. Енді ережеге енгізілген өзгеріске сәйкес, заңнама аясында БЖЗҚ 10 күн ішінде 20-дан 63 жасқа дейінгілерді қамтитын және әрбір жасқа арналған тиісті жеткіліктілік шегін анықтайтын есеп-қисапты ұсынады. Бұл есептеулерді аталған қор іске асырып жатыр. Бізге бұл есептеулер әлі ұсынылмады, - деді А. Ертаев Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар министр БЖЗҚ-дағы жинақты ем-домға жұмсау тетігі сақталатынын айтты.
- Бұл мүмкіндік сақталады, яғни жаңа шекті мәндер енгізілсе де, егер азаматтың артық жинағы болса, оны несиеге немесе емделуге пайдалана алады. Біз бұл жағын қозғаған жоқпыз, - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев зейнетақы жинағының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесіне өзгерістер енгізуге қатысты түсінік берді.
Жақында Қазақстан Үкіметі зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегін есептеудің жаңа тәртібін бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.