«Зейнетақы қорлары жабылмайтын болды» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 12 наурыз, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Боран Ақмола аймағын әлекке салуда» тақырыбымен мақала берілді. Мереке күндері жедел штабтың жұмысы қатаң режімде жүргізіліп, әлі де жалғасуда. Кезекшілер тәулігіне бес рет автожолдар мен елді мекендердегі жағдайларды жұртшылыққа хабарлауда. Өйткені, облыс аумағындағы негізгі жолдардың өзі 7 наурыз күнгі сағат 15.00-ден бері жабық тұр. Әсіресе, Астана - Қорғалжын, Астана - Көкшетау, Астана - Есіл, Астана - Ерейментау - Шідерті, Астана - Қарағанды бағытында күрделі жағдай сейілмегендігін айту қажет. «Бізге келіп түскен соңғы деректер бойынша 9 наурыз таңертеңгі сағат 9-дан 10 наурыз сағат 9.00-ге дейін жол бойында 32 апаттық-құтқару жұмыстары атқарылды. Қар құрсауынан 197 техника шығарылып, 576 адам қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Сондай-ақ, 267 көлік (371 жолаушысымен) жол полициясы қызметкерлерінің ілесуімен сапар шекті. Бұған қосымша 353 адам жол бойында арнайы қамдалған жылыту бекеттеріне жеткізілді»,-деп жазады газет.

Осы басылымның жазуынша, Астанада шахматтан қыздар арасында өтіп жатқан әлем чемпионаты аяқталуға жақындап қалды. Әзірше Украинаның қыздары тізгінді қолға алып, бірінші орында келе жатса, одан кейінгі орындарды Қытай мен Ресей қыздары иеленуде. Ал, біздің құрама турнирлік кестенің 7-інші орнында тұр. Жалпы, биылғы әлем чемпионаты қызықты да тартысты өтуде. 2007, 2009 және 2011 жылдары өткен әлем чемпионаттарында тек Қытай, сосын Ресей мен Украина және бір рет Грузия қыздары ғана жүлде үшін таласып, жарыс көрігін қыздырған-ды. Енді міне, биылғы додада әлемдік рейтингте көш соңында келе жатқан командалар ала тақтаның Қытай, Ресей сияқты алпауыттарына сес көрсете бастады. Мәселен, 7-турдан кейін Украина 13 ұпай иеленіп, тізгінді қолына алады деп кім ойлаған. Сол сияқты, үнді қыздарының да Грузияны артта қалдырып, төртінші орынға шығуы күтпеген жай. Қазір бұл елдің командасы ешкімге дес берер емес. 4-турда олар Грузияны ұтты. Бұл материал «Көш басында - украиналық қыздар» деген тақырыппен жарияланды.

***

«Ел басшылығының «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын» құру туралы шешімі шығысымен, жеке ЖЗҚ-лар ұлардай шулап қоя бергені мәлім: талай жыл өздері ғана емен-жарқын қызығын көріп келген «майшелпектерін» беру қайдан оңай болсын?! Бұл ретте олардың қарсы қойған басты дәйектеме дәлелі - «жеке қорларда жұмыс жасайтын ондаған мың маман енді қызметінен айырылып, жұмыссыздар санын арттырады, бұл - әлеуметтік шиеленіске әкеледі». Ел Үкіметі басқа жол ұсынды: барлық ЖЗҚ-лар енді ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына (ЕЖЗҚ) айналады! Кеше ел Үкіметі Парламентке «Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы» жаңа заң жобасын енгізді»,-деп жазады «Айқын». Қалай болғанда да Қазақстан «ЖЗҚ» ұғымынан ақыры бас тартты. Осылайша, 15 жыл бойы елімізде «өмір сүрген» бұл институт тарихқа жол тартқалы отыр. Өйткені кеше қалаулылар қолға алған «Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру тура­лы» жаңа заң жобасының 1-бабының 16-тар­мақшасында ЖЗҚ-ға «өткен шақтағы» анықтама береді: «Жинақ­таушы зейнетақы қоры - тиісті лицен­зия негізінде зейнетақы жарна­­ла­рын тарту және зейнетақы төлем­­дері жөніндегі қызметті жүзеге асыратын лицензиясының қолданысы осы заңның 73-бабының 3-тар­ма­ғына сәйкес тоқтатылған заңды тұлға».

Енді олардың орнын «ЕЖЗҚ» басуға тиіс. Аттары айтып тұрғандай, ЕЖЗҚ-лар енді халықтың ерікті жарналарын ғана тарта алады. Мақала «Зейнетақы қорлары жабылмайтын болды» тақырыбымен берілді.

Осы басылымда «Ескі көлікті жаңасына айырбастау мүмкін бе?» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Еліміздің ресми автодилерлері қазақ­стан­дық автобизнес қауымдастығының атынан Экономикалық даму және сауда ми­нистрлігіне хат жолдапты. Ондағы не­гізгі өтініш - ресми дилерлерде ескі кө­ліктерді жаңасына айырбастау үшін жағдай жарату. Қазіргі кезде бұл істі тежеп тұрған нәрсе - екі рет қосылған құн салығын төлеу болып тұрған көрінеді.

«Біз Экономикалық даму және сауда министрлігіне (ЭДСМ ) тиісті хат жолдадық, енді осы мәселенің шешілуін күтіп отырмыз. Меніңше, ЭДСМ бұл мәселені қалай да ұнамды шешеді, сол арқылы бізде бүкіл әлемдегі сияқты сауда айналымын ана­ғұрлым ұлғайтатын және жаңа автокө­ліктерді ескісіне айырбастау арқылы сатуға болатын trade-in жүйесін пайдалану мүмкіндігі туады», - дейді ҚАБҚ президенті Андрей Лаврентьев.

***

«Астана ақшамы» газетіне елордадағы жерге қатысты мәселелер бойынша қалалық Жер қатынастары басқармасының бастығы Төлеуғазы Нұркенов сұхбат берген. «Бүгінде жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер телімін алғысы келетіндердің саны қала мүмкіндігінен 6-7 есеге артып отыр. Қазіргі күні кезекте тұрғандардың саны 100 мыңға жуықтады. Соның 1767-сі - Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтар»,-дейді ол.

Соңғы жаңалықтар