Зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгерту қажет - Ж. Ахметбеков

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат -Қазақстандағы зейнетақы жүйесін түбегейлі өөзгерту қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықованың атына сауал жолдаған депутат Жамбыл Ахметбеков  осы мәселені көтерді.

Зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгерту қажет - Ж. Ахметбеков

Депутат қоғам тарапынан еліміздегі зейнетақы жүйесіне қатысты көптеген сауалдар туындағанын айтып,  зейнетақының дұрыс есептелмеуінің кесірінен немесе заңдағы олқылықтардың салдарынан азаматтардың конституциялық құқықтары бұзылып отырғанын атап өтті.

«Қазақстанда базалық әлеуметтік стандарт ең төменгі күнкөріс көлемі болып табылады. Қазіргі ең төменгі күнкөріс көлемінің мөлшері 16 000 теңгенің шамасында деп белгіленіп отыр. Мұндай ақшаға қазір адам бір ай да өмір сүре алмайды, бұл мөлшер кем дегенде одан үш есе артық болуы керек», - дейді депутат. Бұл ретте Елбасы өз Жолдауында әлеуметтік салада еуропалық стандарттарға қол жеткізу міндеті қойылғанын айтқан Ж. Ахметбеков, бұның Үкімет үшін стратегиялық құжат екенін жеткізді. «Әр адамның қалыпты өмір сүруі үшін ең төменгі күнкөрісті айқындаудың өркениетті елдердің көпшілігінде қабылданған стандарттарын енгізетін уақыт келді. Мысал ретінде айта кетейін, 90-жылдардағы Францияның «тұтыну себетінде» өмір сүруге қажетті тамақ, тауарлармен бірге адамның көретін киносеансы, өсіретін гүлі, аңшылық қаруы мен оның оқ-дәрісі, велосипеді мен фотоаппаратына дейін есептеледі екен. Бұл өркениетті елдерде адамға өмір сүру үшін қажеттіліктің бәрі «тұтыну себетінде» ескеріледі деген сөз. Бұл жағдай Еуропа елдерінің барлығын дерлік қамтыған», - дейде депутат.

«Қазақстан басқа пайдалы қазбаларды қоспағанда жылына 80 млн. тоннадан астам мұнай, адам басына шаққанда 1 тоннадан артық астық өндіреді. Бюджеті қалыпты, экономикасы дамып келе жатқан ел. Сондықтан әлеуметтік төлемдер де қоғамдағы қажеттілікке сәйкес, тиісінше өсіп отыруы тиіс. Әлеуметтік төлемдерді белгілеу стандарттарын, соның ішінде зейнетақы жүйесін есептеуді түбірімен өзгерту - ең басты мәселенің бірі. Республикамыздағы зейнеткерлікке шығудың тәртібі мен шарттарын түбірімен өзгерту үшін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына тиісті өзгерістер енгізетін немесе жаңа заң қабылдайтын мезгіл жетті деп есептеймін», - деді ол.