Зейнетақының жоғарылатылған көлемін 1 млн. 711 мыңнан астам адам алады
АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 2011 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған әлеуметтік-еңбек саласының даму қорытындыларына және екінші жартыжылдықта ведомствоның негізгі міндеттеріне арналған алқа отырысы өтті.
Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, алқа жұмысына ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова, Президент әкімішілігінің өкілдері, министрліктің басшылары және оның департаменттері мен бағынышты ұйымдардың басшылары қатысты.
Сонымен қатар бейнебайланыс режімінде өңірлерден 100-ден астам, атап айтқанда, облыстардың, Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің өңірлік департаменттерінің, облыстар мен Алматы, Астана қалаларындағы еңбекті үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары және олардың орынбасарлары қатысты.
Есепті кезең аралығында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауында және ағымдағы жылғы 17 сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларынан туындайтын тапсырмаларды орындау бойынша іс-шаралар жалғасты. Бірінші жартыжылдықтағы министрліктің стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың қорытындысы шығарылды. Мемлекет басшысының зейнетақы төлемдерін 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 пайызға арттыру туралы тапсырмасы орындалды. Нәтижесінде зейнетақының жоғарылатылған көлемін 1 млн. 711 мыңнан астам адам алады. Бұл орайда базалық зейнетақы төлемінің көлемі 8 мың теңгеге дейін ұлғайып, зейнетақының ең төменгі көлемі 24 047 теңге, орташа көлемі - 35747 теңге, ең жоғары көлемі 52 226 теңгені құрады.