Зейнетке шықсам да аралдан кетпеймін - Құлалыда 29 жылдан бері тұратын метеоролог
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі Құлалы аралында орналасқан гидрометеорология стансасында 29 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан маман бар. Ол — станция бастығы Петр Лупенков. Kazіnform тілшісі аралда жалғыз тұратын метеорологпен сұхбаттасып, жұмысы мен күнделікті тіршілігі туралы сұрап білді.
— Петр Иванович, Құлалы аралына қалай келдіңіз?
— Бішкек метеорологиялық техникалық училищесін радист-метеоролог мамандығы бойынша аяқтадым. Құлалы аралындағы стансаға 1994 жылы жұмысқа келдім. Станса бастығы қызметін атқарамын. Құлалы аралындағы гидрометеорологиялық теңіз станциясы Маңғыстау облысының метеорологиялық бақылау желісінің құрамына кіреді. Мұндағы бақылаулар 1936 жылдың 20 шілдесінде басталған. Мен сол жұмысты жалғастырып келемін.

— Құлалы аралының ерекшелігі неде?
— Құлалы аралы — Түпқараған ауданы Баутин елдімекенінен 60 шақырым жерде, теңіз ортасында орналасқан. Аралдың ұзындығы — 40 шақырым, ені — 3-4 шақырым. Мұнда мектеп, дүкен, медициналық пункт жоқ, көлік қатынамайды. Тек теңіз арқылы жетуге болады. Сондықтан станция қолжетімсіз аймақтар қатарына жатады.
Стансада тұрақты әрі үздіксіз бақылау жүргізу мақсатында автоматты метеорологиялық станция, қоршаған ортадағы құбылыстар мен процестерді үздіксіз бақылауға арналған құрал-жабдықтар орнатылған. Электрмен қамтамасыз ету үшін дизель генераторы мен күн панелі жұмыс істейді. Спутниктік байланыс пен интернет қосылған. Спутниктік телефон да бар.

— Күнделікті жұмысыңыз қалай өтеді?
— Құлалы стансасында тәулігіне сегіз рет ауа райына бақылау жасалады. Температура мен ауа ылғалдылығы, жел жылдамдығы мен бағыты, атмосфералық қысым, бұлттылық және атмосфералық құбылыстар сияқты метеорологиялық деректер тәулік бойы бақылауға алынып, жіберіліп отырады.
Қауіпті және аса қауіпті метеорологиялық құбылыстарға да тәулік бойы бақылау жасалады. Бұдан бөлек, тәулігіне төрт рет гидрологиялық бақылаулар — су деңгейі мен температурасы, тұздалуы, толқынның бағыты мен биіктігі тіркеледі. Ал, қысқы уақытта мұздық құбылыстарға мониторинг жасалады.
Метеорологтар — тек бақылаушылар. Синоптик пен метеоролог жұмысының айырмашылығы үлкен, себебі біздің жұмысымыз ауа райы құбылыстарын минут сайын бақылап, жазып отырудан тұрады. Мысалы: ауа температурасы, жауған қар, бұршақ, жаңбыр мөлшері және т. б.
Біз осының бәрін тіркеп, ақпаратты жинап, облыстық радиобағыттау орталығына жібереміз. Айта кетерлік жайт: әлемдегі бүкіл метеорология стансалары Гринвич уақыты бойынша дәл бір уақытта деректер жинайды. Барлық ақпарат республикалық гидрометеоорталыққа түскен соң синоптиктер атмосфералық фронттардың қозғалысына арналған карталарды жасап, талдау жүргізеді.
— Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі аралға әсер етіп жатыр ма?
— Теңіз айтарлықтай тайызданып кетті. Су деңгейі шамамен 3 метрге түсті. Соның нәтижесінде аралдың ұзындығы 35 шақырымнан 39 шақырымға дейін ұлғайды. Аралда жабайы қабандар пайда болған. Одан бөлек, түлкі, қасқыр, шибөрі мен жанаттар мекендейді.
— Медициналық көмек қажет болған жағдайда не істейсіз?
— Медициналық көмек қажет болса, төтенше жағдайлар қызметіне хабарласамыз. Бірақ, әзірге ондай жағдайлар болған жоқ. Моторлы қайығым бар, сол қайықпен Баутин ауылына барып, қажетті заттарды аламын.

— Аралда осынша жыл жалғыз тұрған қиын емес пе?
— Мен өз жұмысымды өте жақсы көремін және ешбір басқа жұмысқа алмастырмаймын. Ең бастысы — мұнда ауа таза, кең тыныстайсың, күннің кез келген райында көп уақыт далада жүремін. Мен үшін жаман ауа райы деген жоқ. Әр күнім бір-біріне мүлде ұқсамайды. Маусымдар алмасып отырады, солармен бірге үнемі жаңа нәрсе үйренуге тура келеді. Табиғатпен біте қайнасып өмір сүріп келемін.
Бос уақыт жоқтың қасы, әр 3 сағат сайын бақылау жасап, метеоқұралдар көрсеткіштерін тіркеп, кодтап, жіберемін. Отын жарып, генераторды тексеріп отырамын. Жұбайым бар. Ол да менімен бірге аралда жұмыс істейді. Екі қызым және бес немерем бар. Арал олардың да екінші үйіне айналған.
Жыл бойы облыстық филиал тарапынан ауыз су, қатты отын, жанар-жағармай, азық-түлік, төсек-орын, жиһаз, кеңсе және шаруашылық заттарымен қамтамасыз етіледі. 2023 жылдан бастап Қазгидромет басшылығы барлық станция қызметкерлерінің жалақысын 100 пайызға көтерді. Зейнетке шығуыма 3 жыл қалды. Аралдан кетуді ойламаймын. Жұмысым жаныма жақын.

Бұған дейін Каспий теңізінің аумағы 36 мың шаршы шақырымға азайғанын жазған болатынбыз.
