13:26, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Жаһандық дағдарыстан кейін әлемдік қаржы жүйесі өзгеретін болады - Елбасы
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пайымдауынша, жаһандық дағдарыстан кейін әлемдік қаржы жүйесі өзгеретін болады.
![None None](/static/img/plug.webp)
Президент бұл пікірін бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бұл күрделі дағдарыс. Сондықтан оны еңсеру жолдары мүлдем басқаша болуы тиіс. Басқа да сарапшылар сияқты мен де осы жаһандық дағдарыстан кейін әлемдік қаржы жүйесінің өзгеретініне сенімдімін, мүмкін мемлекеттерді басқаратын саяси жүйе де өзгеретін болар», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы дағдарыс Қазақстанға сырттан келгенін, оның бастауы еліміздің ішінде емес, әлемдік экономикадағы ауытқуларда жатқанын атап көрсетті. «Бұл дағдарыстан қашып құтылу немесе оның алдын орау мүмкін болмады. Оны еңсеруге әлемнің жетекші елдерінің экономикалары 10 трлн. доллардан астам қаржы жұмсады, бұл іс жүзінде әлемдік Ішкі жалпы өнімнің 15 пайызы. Алайда жағдай әлі жақсы жағына өзгере қойған жоқ», деді Президент.
Елбасы дағдарыс Америка құрлығын, Еуропаны, Азияны шарпығанын айта келе: «Осыған қарағанда ол созылмалы болады. Сарапшылардың айтуынша, әлемдік экономика өзінің құлдырау шегіне әлі жеткен жоқ», деді.