Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан Қазақстан экономикасы өсімін сақтайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан экономикасы алдағы екі жылда да өсім көрсетеді. Мұндай болжам Азия даму банкінің (АДБ) Asian Development Outlook 2026 баяндамасының шілде айындағы жаңартылған шығарылымында жарияланды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлады.

Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан Қазақстан экономикасы өсімін сақтайды
Фото: report.az

АДБ бағалауынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2026 және 2027 жылдары 4,5 пайызға өседі. Банк мұны әлемдік энергетика нарығындағы тұрақсыздыққа, геосаяси шиеленістің күшеюіне және өңірдегі экономикалық өсімнің баяулап, инфляцияның артуына қарамастан ел экономикасының тұрақтылығымен байланыстырады.

Баяндамада 2026 жылдың бірінші тоқсанында Азияның дамушы елдеріндегі экономикалық белсенділік жоғары ішкі сұраныстың арқасында тұрақты деңгейде сақталғаны айтылған. Бұл ретте энергия тасымалдаушылар бағасының қымбаттауы мен Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты жеткізу тізбегіне түсіп отырған қысым әлі де жалғасып отыр.

Сонымен қатар, АДБ Қазақстандағы инфляция алдағы жылдары біртіндеп төмендейді деп болжайды. Банк дерегінше, тұтыну бағаларының өсімі 2026 жылы 10,4 пайыз болса, 2027 жылы 9,5 пайызға дейін төмендейді.

Сонымен бірге, Азия даму банкі Азия мен Тынық мұхиты өңіріндегі дамушы елдерге қатысты экономикалық өсім болжамын 2026 жылға 4,9 пайызға дейін төмендетті. Соған қарамастан, өңір экономикасының өсуіне ішкі сұраныстың тұрақтылығы қолдау көрсетіп отырғаны және энергетикалық дағдарыстың шарықтау кезеңінен кейін іскерлік белсенділік біртіндеп қалпына келе бастағаны атап өтілген.

Банк мамандары өңір экономикасына төнетін негізгі қауіп-қатерлер қатарында геосаяси шиеленістің күшеюін, әлемдік қаржы жағдайының қатаюын, шикізат бағасының қымбаттауын және жаһандық саудадағы белгісіздіктің сақталуын атады.

Қазақстан экономикасы 2026 жылдың бірінші тоқсанында 4,2 пайызға өскен.

Соңғы бес жылда Транскаспий бағытымен жүк тасымалы 3,5 есеге артты.