Жабылып қалған Зырян руднигінің мәселелерін шешуге резервтік қаражат бөлінді - Шығыс Қазақстан облысы
ӨСКЕМЕН. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Зырянов қаласының аумағындағы осыдан бірнеше жыл бұрын жабылған рудниктің су басып қалу проблемаларын шешуге
Шығыс Қазақстан облысының бюджеттік резервінен 80 миллион теңге бөлінді. Бұл ақшаға сорғылар орнатылып, Березовка өзеніне дейін құбыр тартылады. Сорғы стансасы қыркүйек айының соңына қарай жұмыс істей бастайды.
Өткен демалыс күндері кеніште болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ондағы қалыптасқан жағдаймен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратына сілтеме жасап.
ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағандай, карьерге айдалған су деңгейінің жоғарылап кетуі салдарынан қала аумағында жерасты суының деңгейі көтеріліп, нәтижесінде карьер төңірегіндегі жекеменшік сектордағы көшелердің біраз бөлігін су басып қалып отыр. Қала тұрғындарының бау-бақшаларын су басып, адамдардың өз учаскелеріне көкөніс еге алмай жатқан жайы бар.
Естеріңізге сала кетейік, игерілген кеніштің ұзындығы периметр бойынша 5,6 шақырымды құрайды. Жабылған Зырян кенішіне су айдау жұмыстары 2000 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бірақ рудниктің проблемасы әлі күнге дейін таусылар емес.
Рудникті жабу жобасын әзірлеушілердің болжамына сәйкес, карьерді Балтық бағамы бойынша 439,0 метрлік жобалық межеге дейін сумен толтыру көрсеткіші 23-24 жыл бойы жүзеге асуы керек болатын, су аталмыш межеге 2024-2025 жылдары жетуі керек болған. Бірақ табиғат тосын сый жасап, карьер суға 9 жылдың ішінде толып отыр. Қазір кеніштегі судың деңгейі 439,43 метрді құрайды.
Сорғылар мен құбыр желісінің бір ай жұмысының нәтижесінде судың деңгейі 1 метрден астамға төмендейді деп пайымдалуда.