Жағажай волейболынан Азия турларының Паталунг-Лома - «Федербрау» кезеңінде қазақстандық спортшылар үздік шықты
АЛМАТЫ. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жағажай волейболынан Тайландта өтіп жатқан Азия турларының Паталунг-Лома - «Федербрау» кезеңінде қазақстандық спортшылар ерлер арасында үздік шықты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Паталунг қаласындағы бұл жарыс сәуірдің 9-ы күні басталған болатын. Онда Александр Дьяченко мен Алексей Сидоренконың жұбы 24 команда ішінен үздік шығып бірінші орын алды. Алексей Кулинич пен Дмитрий Яковлевтің жұбы үздік бестікті түйіндеді. Ал әйелдер арасындағы сында Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова 4-ші орынға табан тіреді.
Бұған дейін Азия турының сәуірдің 4-6 күндері Нахон Шри Тхамарат қаласында өткен алғашқы Хан - «Федербау» кезеңінде 22 команданың арасынан Александр мен Алексей екінші, Алексей мен Дмитрий 9-шы орын алған еді. Ал Ирина мен Татьяна 5-ші, Бақтыгүл Самалықова мен Марина Пилипенюк 9-шы орынға табан тіреген болатын. Жарыстың Самила- «Федербау» деп аталатын үшінші кезеңі енді сәуірдің 14-16 күндері Сонгхла қаласында өтеді.