«Жаһанға келер залал көп» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикадағы басылымдарда 9 сәуiр, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Жаһанға келер залал көп»  - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Талғат Ерғалиевпен арадағы сұхбатты ұсынып отыр. «1991 жылға дейін біздің елімізде 55 ЖОО болса, қазір олардың саны 130-ға жетті. Демек, кадрлар даярлайтын оқу орындары жетіп артылады. Алайда, олар экономиканың сұранысына емес, өздері ұсына алатын мамандықтарды ғана басымдықпен оқытуда. Басқа жылдар емес, үстіміздегі, яғни 2014 жылға қа­жетті мамандарды министрліктер бойынша қарайтын болсақ, биыл мұнай және газ саласына - 2416, индустрия және жаңа технологиялар бойынша - 14478, көлік және коммуникация саласына - 5093, яғни барлық техникалық ғылымдар мен технология саласына 22 мыңдай маман керек екен. Ауыл шаруашылығы бойынша үстіміздегі жылға 4700 маманға сұраныс бар. Ал ЖОО-ларда оқып жатқандарға қарайтын болсақ, техникалық ғылымдар мен технология саласында оқып жат­қандардың жалпы саны 112 353 адам, со­ның биыл бітіретіндері шамамен 22 мыңнан артық. Ендеше, сұранысқа ұсы­ныс сай деп айтуға болады. Бұл жақсы көр­сеткіш»,-дейді депутат. Кадр мәселесін арқау еткен сұхбат газетте «Мамандарға нақты қамқорлық керек» деген тақырыппен басылды.

Бас басылымның жазуынша, 31 наурызда Жапонияның Иокагама қаласында БҰҰ-ның Климат өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының баяндамасы жарияланды. 39 елден 259 сарапшы қатысып, 1500-ден астам бетті құраған бұл есептен мәлім болғандай, жаһандық жылыну үрдісі жалғаса берсе, Жер бетінде климат өзгеруінен зардап шекпеген бір де бір адам қалмайды. Климат өзгеруі жөніндегі үкімет­аралық сарапшылар тобы­ның (КӨҮСТ) жетекшісі Раджен­дра Пачаури: «Егер адамзат баласы булы газдардың ауаға таралуын азайту жолында қазіргі күні жедел шаралар қолданбаса, жаһандық жылыну планетамызды табиғи және экономикалық апаттарға алып келеді. ХХІ ғасырдағы климат өзгеруінің қандай көлемде жүретіндігі біздің бүгінгі таби­ғат­ты сақтауға қатысты қабылдаған шешімдерімізге тікелей тәуелді болмақ. Өйткені, климат өзгеруінің әсер етпейтін саласы жоқ. Ол су ресурстары мен өнім өндіру, азық-түлікпен қамтамасыз ету сынды адам үшін қажеттіліктің бәрін қамтиды», деп мәлімдеуі әлемдік БАҚ өкілдерін өзіне жалт қаратты. Осы көлемді сараптамалық мақаланы « Жаһанға келер залал көп» деген тақырыпта оқи аласыздар

***

«Айқын» газетінің жазуынша, мектеп табалдырығын жаңа ғана аттаған балақайларды бірден өздеріне жат ағылшын тілін меңгеруге мәжбүрлеу тек ата-аналар мен мұғалімдер ғана емес, ғалымдар тарапынан да қарсылық тудыруда. Олар Білім және ғылым министрлігінен «ең құрығанда, үшінші тілді үйренуді 2-сыныптан бастауды» сұрады. Әйткенмен, жақында қабылданатын «Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының» жобасында үштілділік саясатын бірінші сыныптан-ақ жүзеге асыру қарастырылуда. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Ы.Алтынса­рин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген «Мемлекеттік жал­пы­ға міндетті бастауыш білім беру стандарты­ның» жобасы қо­ғам­да қызу пікірталасқа тамы­зық болуда. Өйткені бұл құжат орта білім беру жүйесінде «революциялық» реформалар­ға ықпал етпек. Осы мәселені арқау еткен мақала басылымда «Мемлекеттік тілге басымдық берген дұрыс» деген тақырыппен жарияланды.

Осы басылымда «Мүгедектерге мүмкіндік жасалды» атты мақала берілген. «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамында 111 мүмкіндігі шектеулі азамат еңбек етеді. Жыл соңына дейін олардың қатарына тағы 70 адам қосылады. Мұндай мәлімдемені «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев жасады. Мемлекет басшысы жүктеген тап­сырмаларды орындау және акционерлік қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан игі іс барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орнында халықаралық талаптарға сай жағдай жасалынып жат­қанын жеткізген басқарма төрағасы: «Бізде жұмыс істейтін мүмкіндігі шек­теулі жандар еңбек өнімділігі жағынан өте жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Біз оларға қолдан келгенше қолайлы жағ­дай туғызып жатырмыз» деді.

***

«Қазақ әдеби тілі ауызша және жазбаша түрде қызмет ететіні белгілі. Сырттай қарағанда, ауызша тіл мен жазба тілдің еш айырмасы жоқ, айырма тек біреуінің естуге (аудиалды), екіншісі көруге (визуалды) негізделген, яғни бірінде дыбыс толқыны, екіншісі қағаз бетіндегі таңбалар жүйесі тәрізді материалдық негізінде ғана сияқты. Ал расында, айырма тереңде жатыр. Ол - тілдік құралдарды талғап, таңдау және оны қалай қолдану дегенге саяды. Мәселен, ауызша тілдің интонациялық құралдары беретін мән-мағына, әуездік бедерді беруде қаламның мүмкіндігі шектеулі»,-деп жазады «Ана тілі» басылымы соңғы санында. Сөздер құрамындағы айтылым ерекшеліктері егжей-тегжейлі талданған мақала «Біз қалай сөйлеп жүрміз» деген тақырыппен берілген.

***

«Экспресс-К» басылымынында « СКАТское отношение » деген деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Скат» әуе компаниясы ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің назарына ілігіп отыр. Осы тасымалдаушының ұшағымен болған кезекті оқиғадан кейін, билік тарапы әуе сапарларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында компанияға тыңғылықты тексеруді бастап кетті. Естеріңізге сала кетейік, 7 сәуірде «Шымкент-Астана» рейсі бойынша жолға шыққан «Скат» әуе компаниясының ұшағы Астана әуежайында 10.57 сағатта алдыңғы шассиiнiң iстен шығу себебiнен апатты жағдайда қонған болатын.