Жақсылықов Қорғаныс министрі ретінде қандай қызметімен есте қалмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қызметінен кетті. 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін еліміздің қорғаныс саласын қолына алған ол әлеуметтік желіде «өкпелесең көшіп кет», «өмір деген жизнь ғой» деген сынды абайламай айтқан сөздері үшін хит болғаны бар. Бірақ, біздің айпағымыз ол емес. Оның министр ретінде қорғаныс саласында қолынан келген ісінің негізгілері ғана.

Руслан Жақсылықов
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Аумақтық қорғаныс

Таяуда өткен Астана халықаралық форумына Қасым-Жомарт Кемелұлының әлемдегі қарулы қақтығыстарға ерекше тоқталғаны есте.

– Дүние жүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап барады. Былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл, шамамен, әлемдік ІЖӨ-нің 13,5 пайызы, - деген еді Мемлекет басшысы.

Демек, аумақтық қорғанысты күшейту маңызды. Мұны Руслан Фатихұлы да ертерек түсінген сияқты. Оның тұсында «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Мәжілісте мақұлданып, Сенат тарапынан қабылданып, Президенттің қол қоюына жіберілді.

Құжат елдің қорғаныс жүйесіне «ерікті» және «өзін-өзі қорғауды қалыптастыру» ұғымдарын енгізеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтары үшін соғыс уақытында өзін-өзі қорғау құралымдарына еріктілер ретінде кіру мүмкіндігі көзделеді.смЗаңды қабылдаудағы мақсат – елдің қорғаныс қабілетін арттыру, халықтың, аумақтық қорғаныс объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының аумағын жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде әрі соғыс уақытында қорғау.

Әскерге барсаң – универде тегін оқисың

Отан алдындағы борышын екі жыл өтеген жастар Қазақстанның жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы оқуға түсуге мүмкіндік жасалды. Мерзімді әскери қызметте жүріп жақсы жауынгерлік дайындық көрсеткен, жыл бойында тәртібі үздік болған сарбаздар ақысыз негізде жоғары әскери білім алуға мүмкіндік алды.

Мерзімді әскери міндетін өтеген азаматтарға мына жеңілдіктер ұсынылады:

– қызмет аяқталғаннан кейін 2 жыл ішінде ақылы негізде ҰБТ-ны есептемегенде жоғары оқу орнына (ЖОО) түсу;

– ҰБТ есебінсіз ЖОО есебінен өтеусіз негізде жауынгерлік даярлық және әскери тәртіп бойынша жоғары нәтиже көрсеткен тұлғалардың ЖОО-ға түсуі;

– ЖОО әскери кафедрасына түсу емтихандарынсыз, өтеусіз негізде түсу (яғни, азамат ЖОО-да ақылы немесе тегін білім алады);

– Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына емтихан тапсырмай түсу.

Осы жылдың өзінде әскери борышын өтеу барысында ерекше көзге түскен 1029 азамат білім грантымен жоғары оқу орнында білім алуға мүмкін алды.

Әскерге барсаң – кредиттік каникул аласың

Бүгінде кредиті жоқ адам табу қиын. Түрі қаржы ұйымдардан қарызға ақша алып, оны өтей алмай жүрген жастардың да қарасы қалың. Осы орайда Руслан Жақсылықов тұсында Қорғаныс министрлігі қарызға батқан жастарды әскерге барып, қарызын өтеу мерзімін 14 айға кейінге шегере тұруға мүмкіндік жасады. Биыл 17 мың әскери қызметшіге 6,6 млрд теңгеге «кредиттік демалыс» берілді.

Нақтырақ айтқанда, әскерге шақыртылған азаматтардың несиесі автоматты түрде тоқтатылады. Мысалы, әскери қызметші жергілікті әскери басқару органы басшысының бұйрығы шыққаннан кейін Бірінші несиелік бюроға ақпарат түседі. Сол сәттен бастап несие төлемін есептеу тоқтатылады. Ата-аналар жағынан да ешқандай әрекет талап етілмейді. Бәрі автоматты түрде жүзеге асырылады. Яғни, ата-ананың дәл осы мәселе үшін әскери комиссариатқа баруының қажеті жоқ. Бірінші несиелік бюроға ақпарат түскеннен кейін екінші деңгейлі банктерге мәлімет бірден жолданады.

Әскерде жүріп ата-анаңмен тілдесе аласың

Биыл аrmia.kz мобильды қосымшасы іске қосылды. Бұл қосымшаның мүмкіндіктері өте мол. Мобильді қосымшаны IOS, Android операциялық жүйесі бар барлық телефонға жүктеп алуға болады. «Шынайы» уақыт режимде анасы, жақындары сарбаздың жауынгерлік дайындықтан бос кез келген уақытында онымен, командирімен тілдесе алады. Мобильді қосымшаны Ұлттық қорғаныс униерситетінің әскери-ғылыми взвод әскери қызметшілері әзірлеп шыққан. Оған жасанды интеллекті элементтері де енгізілген.

Халықаралық әскер ынтымақтастық артты

Өткен жылдың қаңтарында өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Таяу Шығыс пен Оңтүстік Судандағы БҰҰ миссияларына қатысу үшін қазақстандық әскерилерді жіберу туралы шешім мақұлданды. Қазақстандық бітімгерлер баратын орындардың бірі – Голан биіктігі. 

Голан биіктігі – бұл стратегиялық және саяси маңызы бар Таяу Шығыстағы даулы аймақ. Оның көп бөлігін Израиль басып алған, ал шығыс бөлігі Сирияға тиесілі. Екі ел де жарты ғасырдан астам уақыт бойы осы аймақ үшін қақтығысып келеді. Аумақ солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатыр және теңіз деңгейінен мың метрден астам биіктіктегі 1,8 мың шаршы шақырымдық вулкандық таулы үстірт болып саналады.

Осы биіктікте халықаралық стандарттар мен талаптар бойынша жарақтандырылған дербес қазақстандық бітімгерлік контингент БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсылас тараптар арасында атысты тоқтату режимін қолдаумен бір жыл бойы айналысты. Жауапкершілік аймағында жеке құрам 600-ден аса тапсырманы орындады. Қазақстандық бітімгерлердің қызметі БҰҰ миссиясы мен хатшылығы басшылығы тарапынан жоғары бағаланды.

Соңғы жаңалықтар