Жақсы хирург алдымен еңбекқор болуы тиіс - профессор Орал Оспанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Медицина саласы жыл сайын жаңа технологиялармен толығып, бұл бағытта тың өзгерістер көптеп енгізілуде. Осы орайда соңғы буынды инновацияларға сәйкес, дәрігерлер де өздерінің біліктілігін шыңдауға тырысып бағуда. Қазақстан соңғы онжылдықта денсаулық сақтау саласында оңтайлы серпіліс жасап, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде енгізілген озық медициналық тәжірибені барынша игеріп, дәрігерлеріміздің біліктілігі олардан кемшін емес. Бүгінде медицинаның кейбір бағыттары бойынша отандық дәрігерлер алдыңғы орындардан көрініп тұрғанын байқап отырмыз. Бұл тұрғыда әлемде кеңінен қанат жайып келе жатқан эндоскопиялық хирургияда елеулі жетістіктерге жеткен хирург, профессор Орал Базарбайұлы Оспановтан сұхбат алуды жөн көрдік. Қазіргі кезде ол «Астана медицина университеті» АҚ-да эндохирургия кафедрасының меңгерушісі, «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» АҚ-да қызмет етіп жүр.
- Орал Базарбайұлы, жалпы эндоскопиялық хирургия жайында түсіндіріп өтсеңіз.
- Эндоскопиялық хирургия алғаш рет 1987 жылы қолданылды. Яғни, француз хирургі Филипп Мюрэ тесу арқылы тас жиналған өт қабын алып тастады. Ал қазіргі кезде өзге де мүшелерге барлық операцияларды эндоскопиялық жолмен жасауға жол ашылды. Бірінші кезекте адам операциядан кейін барынша аз жарақат алуы керек. Бұрындары адамның құрсағын кесіп, қос қолмен операция жасайтын еді. Осындай отадан соң науқас негізгі ауруынан емес, керісінше операцияда тілінген құрсағынан зардап шегетін. Жарасы іріңдейтін немесе тігісі сөгіліп кететін, сондай-ақ науқас ұзақ уақыт бойы төсектен тұра алмай әлекке түсетін, әсіресе, қарт адамдар қиналатын.
Ал эндоскопиялық жолмен жасалатын операциялар хирургияның жоғары деңгейі болып есептеледі. Осы орайда науқасқа барынша аз жарақат жасалады. Бүгінде ол барша әлемде жарақаты көп ескі операциялық тәсілдерді ысырып келеді. Мәселен, науқасқа бүгін ота жасалса, 2-3 күнде ол үйіне бара алады. Сәйкесінше, бұл бірінші кезекте науқасқа, қоғамға, жұмыс берушіге, мемлекетке тиімді.
Бұрындары эндоскопиялық хирургияға қатысты өте көп сын айтылған болатын. Себебі медицина корифейлері, қайраткерлері ескі әдіспен адамның денесін тіліп, осылайша үйреншікті операцияны жасауды жалғастырғысы келді. Ал жаңа технологиялар арқылы эндоскопиялық жолмен операция хирург үшін қиындау болатыны анық. Бұл тұрғыда дәрігерге қосымша біліктілік керек, білімін тереңдетуі маңызды.
- Өзіңіз қай кезден бастап эндоскопиялық хирургияны меңгердіңіз?
- Мен бірінші операцияны 1996 жылы жасадым. Сол уақыттан бері 20 жылға таяу уақыт өтті. Бүгінде асқазанға, ішекке және басқа да органдарға күрделі операцияларды жасап жүрміз. Кейбір адамдар ота жасалған күні кешке қарай өз аяғымен жүруге қауқарлы болып жатады. Мен «Қазақстандық бариатриалық және метаболиалық хирургтер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президентімін. Біз халықаралық ұйымның құрамындамыз. Осы орайда еуропалық озық дәрігерлермен деңгейлес түрде түрлі әзірлемелерге қатысып жүрміз. Елімізде жалпы алғанда эндоскопиялық хирургия өте жақсы дамып келеді. Бүгінде осы операция жасалмайтын облыстық клиника жоқ, қазіргі кезде аудандарда осы тәжірибе кеңінен қанат жайып келеді. Біз өңірлерге шығып, жергілікті хирургтерді үйретудеміз. Бұл тұрғыда Қазақстан әлем елдерінен қалып отырған жоқ, яғни ТМД елдері арасында жаңа әдістерді енгізу бойынша көшбасшылардың қатарында. Қазіргі кезде республика аумағындағы ауруханалар эндоскопиялық хирургияға қажетті кешендерді жаппай алуда. Сонымен қатар алыс шетелден мамандарды шақырып жүрміз. Олар шеберлік-сыныптарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісуде. Сондықтан елімізде медицинаның бұл бағыты айтарлықтай жақсы деңгейде.
- Сіздердің операцияларыңыз ақылы түрде жүргізіледі ме?
- Елімізде операциялардың көбісі ақысыз жасалады. Бұлар қымбат оталар болса да, мемлекет оның барлығын өз есебінен төлеп жатыр. Бізде Жоғары мамандандырылған медициналық көмек және Мамандандырылған медициналық көмек деген жүйелер бар. Осы жүйелер арқылы мемлекет науқастардың емделуін төлейді. Алайда кейбір адамдар өздерінің қалауы бойынша ақылы бөлімге келіп жатады. Кейбір операцияларды өкінішке қарай мемлекет төлемейді. Ондай жағдайларда науқастар шетелге барады немесе елімізде емделеді. Біздің басты мақсат - науқастардың шетелде емес, Қазақстанда емделуіне жағдай жасау. Біздің хирургтер барлық күрделі операцияларды жасауға қауқарлы.
- Шетелден бізге операция жасатуға келетіндер бар ма?
- Әрине , Қазақстанға келіп емделетіндер баршылық. Мен осында жақында Ресейден, Германиядан келген науқастарға ота жасадым. Біз кейбір проблемалық дерттермен 10 жылдан астам уақыт айналысып келеміз. Сондықтан олар бізді интернет арқылы тауып, елімізге келіп жатыр. Сонымен қатар шетелдіктерді біздегі операциялардың арзандығы қызықтырады. Атап айтқанда, бізде бірнеше есе арзан.
- Қазіргі кезде салаға қандай қолдау керек деп ойлайсыз?
- Мемлекет тарапынан ақысыз операциялар көбірек ұсынылуын қалаймыз. Өкінішке қарай, шығыны көп операциялар бар. Олар Жоғары мамандандырылған медициналық көмек жүйесінен шығарылғаннан кейін, біз оны жасай алмаймыз. Жыл сайын осы жүйе бойынша оталардың тізбесін бізге қысқартуда. Осы орайда бұл операциялардың тізімі кеңірек болса екен дегенді айтқым келеді. Сонымен қатар дәрігерлердің аудандық буынын күшейту қажет болып тұр. Себебі, жергілікті жерлерде біздің операцияларға үлкен қажеттілік бар. Мұнымен қоса аудандарда білікті дәрігерлер тұрақтауы үшін оларға жағдай жасау мәселесіне көбірек назар аудару қажет.
- Кадр мәселесі жағдайын қалай бағалар едіңіз?
- Біз өзіміз кадрларды тәрбиелеп жатырмыз, яғни мен біздің университетте дәріс оқып жүрмін. Жас мамандармен үнемі байланыста болғандықтан, соңғы уақытта түлектердің білім сапасы жақсарғанын айтуға болады. Қазіргі кезде тек диплом үшін ғана оқуда жүрген студенттер аз шығар. Көбісі өз ісінің білікті маманы болуға талпынып отыр. Студенттердің басым бөлігі ауруханаға келіп, ақысыз түрде кезекшілікке қалып жүр. Нағыз дәрігер болғысы келетіндерді олардың қызығушылығы мен ынтасынан байқауға болады. Бұндай студенттерді елордалық клиникалар бірден жұмысқа алады немесе оларға магистратураға баруды ұсынамыз. Дәрігерді даярлау үшін 10 жыл уақыт қажет. Сондықтан да дәрігер қосымша жұмыстарды іздеп кетпеу үшін оның лайықты жалақысы болуы тиіс.
- Сіздің ойыңызша жақсы хирургтің қандай қасиеттері болуы керек?
- Бәрінен бұрын ол еңбекқор болуы керек, бастапқыда жас маман ассистент міндетін көптеп атқарып, медициналық кітаптарды толық меңгеруі қажет. Маман өзінің ісіне кіріскен кезде алдынан көптеген сұрақтар туындайтыны анық. Сондықтан білімді жетілдіру университетпен аяқталмайды, дәрігер өзінің қызметі барсында біліктілігін шыңдай береді.
- Әңгімеңізге рахмет!