Жақсы мамандық - жақсы болашақтың бастауы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастар болашақ мамандығын дұрыс таңдай біле ме? Әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына да байланысты екені анық. Сол себепті мамандық таңдау оңай емес. Шыны керек, кейбір жастарымыз жақсы маман иесі болсам деп ойлай бермейді. Әйтеуір, бір мамандықты таңдай салып, диплом алып шықсам болды дейді. Сонда саны көп, сапасы жоқ дипломнан не пайда? «Түйір нан - тамшы тер» демекші, жақсы маман иесі болу үшін көп ізденіс, оқу, білім алу, ең бастысы мамандыққа деген сүйіспеншілік қажет.
None
None

Бүгінгі таңда ең қажетті мамандық­тардың қатарына энергетик, құрылыс­шы, геолог, радиотехник, инженер, мұнай мен газ, кен ісі сынды маман­дықтар аталып жүр.

Осы салаларда білікті мамандардың керек екені рас. Елімізде «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» қолға алынғалы техника мамандарына сұраныс артты. Сонда біздің қоғам қандай мамандарға зәру? Біз осы сауалды бірқатар қоғам мүшелеріне қойып көрген едік.

Зейнеткер Сағатхан Қарағойшиева: «Меніңше, ауылшаруашылығына мамандар аса қажет. Мал дәрігерлерін, агрономдарды көбірек даярлау керек» десе, құрылысшы Батырбек Сағынтай: «Елімізде техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға сұраныс жоғары. Әсіресе, сантехник, электрик, дәнекерлеуші, механик, ағаш ұстасы, слесарь, токарь мамандары тапшы. Мұның себебі мектеп бітірген оқушылардың көбі кәсіптік оқу орындарына барғылары келмейді. Жастардың тілімен айтқанда, бұл мамандық иелері заманауи емес.

Өкінішке орай, қазіргі кейбір жастар «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргенді ұнатады. Құрылыс саласында жұмыс атқарып жүргеніме жиырма жылдан асты. Әріптестерім өзіммен қатарлас, арамыздағы ең жас маман 40-45 жас шамасында. Біздің де зейнетке шығатын уақытымыз келеді, сонда осы жұмыстарды кім атқарады» дейді. Ал Шетел тілі педагогикалық колледжі директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Асқар Елеубаев болса: «Қазіргі таңда жоғары білікті жас мұғалімдер аз. Неге дейсіз ғой? Биыл бос тұрған орын бойынша жұмыс істедім. Бір айдың ішінде жаңадан қабылданған мұғалімдердің 10-нан астамы ауысты. Жұмыс істеуге икемдері жоқ, өз мамандықтарын толық игермеген. Меніңше, бұл басқа мамандықтарға да тән үрдіс» деп атап өтті. Мамандық таңдауда балаларға объективті-субъективті жағдайлар да әсер етіп жатады. Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны Мақсат Оспановқа жолыққанымызда: «Мен Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде Әлеуметтік қызмет және бизнес факультетінің Әлеуметтік қызметкер бөлімінде оқыдым. Бұл мамандықты таңдауыма ата-анам түрткі болды. Өзім өнер жолын таңдаған болатынмын, бірақ ата-анам: «Бұл мамандық бойынша жұмыс табылады әрі қоғамға қажет» деген болатын. Нәтижесінде, 4 жылды бос өткіздім, дипломым үйде жатыр, жұмыс іздеп бірнеше жерге бардым, жалақысы да мәз емес, айына 45 000 теңге, ол ақшаға менің жолым, тамағым кіреді. Бұл мен үшін аз. Ал мен бұл мамандықты алып шығу үшін 4 жылда 1 200 000 теңге төледім. Қазіргі таңда өзім қалаған өнер жолында асабалық қызмет атқарамын, жұмысым өзіме ұнайды. Қарттардың батасын, үлкендердің алғысын алып жүрген жайым бар. Қаржы жағына келсек, мамандығым бойынша бір айда 45 000 теңге тапсам, асабалық қызметімде бір тойда 70 000 теңге аламын. Бірақ бұл өмір бойы асаба боламын деген сөз емес, өзім қалаған мамандығым бойынша жоғары оқу орындарының біріне тапсыру жоспарда бар» деді.

Осындай қателіктерді болдырмау үшін, оқушыларға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беретін іс-шаралар жиі өтіп тұрса екен дейсің... Осы­ған орай жақында Астана қа­ла­сының жастар саясатын қол­дау мемлекеттік қоры ­Астана қа­ласының Жастар ­саяса­ты мәселелері басқармасының бас­тамасымен мемлекеттік жас­тар сая­саты саласына қатысты аймақтық бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар аясында еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды насихаттау және кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары ­бойынша мектеп оқушыларына арнап ауқымды кездесу өткізді. «­Астана қаласының Жас­тар саясатын қолдау мемлекеттік қоры» директорының орынбасары Айдар Исаев өз ойын былайша бөлісті: «Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі - жастар арасындағы жұмыс­сыздық. Тіпті кейінгі жылда­ры жо­ғары оқу орындарының тү­лек­тері арасындағы заңгер, экономист, қаржыгер және бірқатар гуманитарлық мамандықтар бойын­ша жұмыссыздық деңгейінің өскені айқын байқалып отыр. Бұл еңбек нарығындағы тепе-теңдіктің сақталуына кері әсерін тигізеді. Оған түрлі факторларды келтіруге болады. Ең басты себептердің бірі - мектеп қабырғасында болашақ мамандық таңдауға қатысты жүргізілетін кәсіби бағыт-бағдар беру іс-шараларының тиісті деңгейде болмауында. Сонымен бірге түлектердің қазіргі заман талабына сай мамандықтар мен кәсіп иелері туралы толық ақпаратпен қамтамасыз етілмеуін де атап өтуге болады». Расында, кәсіптік білім беруде шешімін күтіп тұрған мәселелер бар. Алматы поли­графиялық колледжінің директоры Б.Ахметов былай дейді: «Балалардың кәсіптік білімге деген қызуғышылығын арттыру үшін оларға кәсіптік мамандық туралы көбірек айтуымыз керек. Жастарға ертерек кәсіптік бағдар бергеніміз абзал. Мамандықты ойланып барып таңдаған жөн. Бұл маңызды іске мектепте көңіл бөлінуі тиіс. Баспа саласына мамандар дайын­дап жатқан рес­пуб­ликадағы жалғыз оқу орнымыз. 40 жылдық тарихымыз бар. Қазір мемлекеттік қазыналы мекемеміз. 650 студент оқып жатыр, жылына 300 студент қабылдаймыз». Заман талабына сай өмір сүру керек деп жатамыз ғой, заманға сай жаңа мамандықтар қажет. Қазіргі жастарға шетел тілін білу, компьютерді жоғары деңгейде қолданып, оның әртүрлі бағдарламаларын игеру талап етіліп отыр. Яғни инновациялық озық технологияларды жоғары деңгейде меңгерген, нанотех­нологияларды игерген, компью­терлік бағ­дар­ламаларды құрас­тырушы мамандар - заман талабына сай пайда болып жатқан ма­мандықтар. Елімізде нанотехнология саласы қолға алынып жатыр. Бұл сала информатика, физика, химия тәрізді ғылымды жетік меңгерген, біліктілігі мол мамандардың бірлесе отырып жұмыс істеуін керек етеді. Нанотехнология дамыса, онымен бірге химиялық биология, ­биотехнология өріс алады. Өйткені олар бір-бірімен тығыз байланыс­ты. Оқырмандар пікірінен байқағанымыздай, жастардың көбі кәсіптік мамандықтарға қызыға қоймайды. Неліктен олай? Қайта қоғам қажет етіп отырған зәру мамандықтарды игеруге жастарымыз көбірек баруы керек емес пе? Сұранысы төмен мамандыққа оқып, жұмыс таба алмай отырған жақсы ма, әлде белгілі бір кәсіпті меңгеріп, өз ісінің шебері атанып, өмірде өз жолын тапқан жақсы ма? Біз екіншісін қолдаған болар едік.

Соңғы жаңалықтар