Жақсыбек Құлекеев: Ресей мұнайына сұраныстың төмендеуі Қазақстан нарығын тұрақтандыруы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Доллар мен мұнайдың қатар қымбаттауы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді ? Биылғы бюджетті жоспарлау кезінде мұнай бағасы қазіргіден әлдеқайда төмен болғанын ескеріп, мемлекет әлеуметтік міндеттемелер мен инфрақұрылымдық жобаларға көбірек қаржы бөлуі мүмкін бе?

Жақсыбек Құлекеев: Ресей мұнайына сұраныстың төмендеуі Қазақстан нарығын тұрақтандыруы мүмкін

Мұнай өнімдерінің ішкі нарықтағы бағасын мемлекеттің реттеуіне берген 180 күндік мерзімді жыл аяғына дейін ұзартуға негіз бар ма? ҚазАқпарат тілшісі «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының кеңесшісі Жақсыбек Құлекеевтен осы мәселелер жөнінде пікірін сұраған еді.

Сарапшының пайымынша, мұнай бағасының өскені бір жағынан бізге тиімді. Өйткені Ұлттық қорға, бюджетке түсетін қаражат көбейеді.

«Бірақ екінші жағы да бар. Мұнай қымбаттаған уақытта мұнай өнімдері де қымбаттайды. Жалпы мұнай бағасы көтерілсе, дүниежүзіндегі материалдың бағасы түгел қымбаттайды. Соның ішінде тамақтың да бағасы өседі. Себебі мұнай - энергияның негізгі көзі. Ал энергияның қымбаттауы кез келген өндірістің өзіндік құнына әсер етеді.

Қазақстандағы жағдайға келсек, биыл Президенттің тапсырмасына байланысты 182 күннің ішінде, яғни, жылдың ортасына дейін мұнай өнімдерінің ішкі нарықтағы бағасы мұнай қымбаттаса да өзгермейді. Әрине, ол өндірушілерге, өңдеушілерге емес, өндіретіндерге әжептеуір қиындық туғызуы мүмкін. Өйткені олар дүниежүзілік нарыққа шығып сатса, қымбатқа өткізер еді. Енді олардан ішкі нарықта бағаны өсірмеу үшін шикізатты арзанға алуға тырысады. Сөйтіп қана біз мұнай бағасын, мұнай өнімдерінің бағасын ұстай аламыз», - дейді «Қазмұнайгаз» басшысының кеңесшісі.

Оның айтуына қарағанда, Президент белгілеген 180 күндік межені орындауға Ресейдегі қазіргі жағдай да септігін тигізуі мүмкін.

«Жалпы мұнай өнімдерінің бағасы Президент тапсырма бергендіктен жарты жыл бойы қымбаттай қоймайды. Оның үстіне Ресейге қарсы экономикалық санкцияларды енгізгеннен кейін, соның ішінде мұнай өнімдерін, жалпы одан басқа да Ресейден шығатын өнімдерді сатып алу қысқарғаннан кейін ондағы ішкі нарық та өзгеріске ұшырап жатыр. Ресей бұған дейін өте көп мұнай өнімдерін экспортқа шығаратын. Жылына 95-96 млн тонна мұнай өнімдерін экспорттайтын. Қазір әлемде олардың мұнай өнімдеріне деген сұраныс азайып отыр. Бұрынғыдай шетелге шығара алмайтын болғандықтан, шетелге шығару қысқарып жатқандықтан Ресейдің мұнайды өңдейтін зауыттарында өнім көбейіп кетіп жатыр. Оны қайда жіберерін білмей әлек. Сондықтан олар мұнайдың бағасын да жылдамырақ сату үшін арзандатып жатыр. Қазір олардың мұнайы нарықтағы бағадан әр баррельге 28,5 долларға арзан болып тұр. Енді мұнай өнімдерін де арзандатпақшы. Егер олар мұнай өнімдерін арзандатса, біразы арзан бағамен Қазақстанға келуі мүмкін. Ондай жағдай біздің мұнай өңдейтін зауыттарымызға кәдімгідей қиындық туғызуы мүмкін. Біздікілер өздерінің өнімдерін сата алмай қалуы ықтимал. Бұл жағдай біздің ішкі нарықта мұнай өнімдерінің бағасының өсуіне жол бермейді, бәсекелестік күшейетін болып тұр. Ал мұнай өнімдерінің бағасы тұрақты болып қалса, әрине, ол өндіріске оң әсер етеді. Бізде өндірілетін өнімдердің бағасы тұрақты болуына септігін тигізетіні сөзсіз», - деді Жақсыбек Құлекеев.

Сондай-ақ, сарапшы санкциялар Қазақтан мұнайының экспортына кері әсер етпегенімен, Ресейге экспортталатын басқа тауарлардың саудасын тоқтатуы мүмкін екенін ұмытпау керек деп отыр.

«Бірақ бұл жерде басқа мәселе бар. Біздің экономикамыз Ресеймен өте тығыз байланыста. Экспорттық сыртқы саудамыздың жартысына жуығы осы Ресейдің үлесіне келеді. Экспортымыз импорттан төмендеу дегеннің өзінде жалпы сыртқа шығатын тауар алмасуының 50 пайызға жуығы осы солтүстік көршімізге келеді. Санкция салдарынан Ресейдің рублі осы он шақты күннің ішінде екі есеге жуық құнсызданып кетті. Әрине, оның теңгеге тигізетін әсері үлкен. Украинадағы жағдай басталғанға дейін доллар бағамы 420 теңгенің маңайында еді, қазір 500-ден асып кетті. Бұлай тұра берсе, теңгеге қысым күшейе береді. Оның бәрін Ұлттық банк қаражатын сатып ұстай алмайды. Бүгін 190 млн долларға интервенция жасады. Ол түк те болмайды. Сондықтан енді теңгеміз құнсызданса, ол, әрине, бағаның өсуіне алып келеді, инфляция көтеріледі. Инфляция көтерілсе, банктердегі пайыздық мөлшерлемелер көтеріледі. Ол көтерілсе, кредиттердің пайыздық мөлшерлемесі қымбаттағанын көріп, экономикаға инвестиция салынбай қалады. Жалпы валютаның тұрақсыз болуы көп адамды алаңдатады да, бірінші кезекте инвестициялық жобалардың бәрі тоқтап қалады. Салдарынан көп дүние қымбаттайды. Құрылыстың бағасы да артады. Өйткені біздің экономикаға шетелден келетін материалдың үлесі көп. Солардың бағасы қымбаттайды да, бұрынғы жоспарлаған дүниелердің көбі іске аспай қалады», - дейді экономист.

Ғалым мұнай бағасының қымбаттауынан түсетін қосымша табысты дәл қазір экономиканы дамытуға салу мүмкін болмай жатқанын айтады. Өйткені табыстың бәрі қалыптасқан жағдайдың салдарын бәсеңдетуден аспай тұр.

«Мұнай бағасы қымбаттады екен деп әлеуметтік міндеттемелерді кеңейту, инфрақұрылымдық жобаларға қаржы салу қазір қиындау. Өйткені доллар осылай қымбаттап кете берсе, ең бірінші инвестициялық жобалардың іске асуы қиындап кетеді. Ал ол жұмыссыздыққа да алып келуі мүмкін.

Қазір мұнайдан түсіп жатқан табыстың бәрін теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жұмсап жатыр. Күнде жүздеген миллион доллар ақша сатып жатыр. Сондықтан 180 күндік реттеуді жыл аяғына дейін созуға шамамыз келе ме, жоқ па, айту қиын. Жағдай күрделі. Мұнайдың қымбаттауының жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Сондықтан көп нәрсеге басқаша қарау керек сияқты», - деді Жақсыбек Құлекеев.