«Жақсылық Досқалиев: Менің маңдайыма жазылған тағдыр осы екен...» - БАҚ-қа шолу

***
«Бүгінгі заман «Таңғы нәсіп - тәңірден» деп жайбарақат жататын жайдақ заман емес. Алуан мақсаттағы ақпараттарды ертелі-кеш еркін жамыратқан, бүтінді бөлшекке, бөлшекті шаң-тозаңға айналдыруға асыққан алаяқ заман. Сондықтан болар, көзі ашық, көкірегі ояу жұрт «Әлемде ақпарат соғысы жүріп жатыр» деп жар салуда», - деп жазады Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарияланған «Бұл - жайбарақат жататын жайдақ заман емес» деген тақырыптағы мақаласында. Мақала авторының жазуынша, бұл соғыстың ұлттық мәдениетке қарсы агрессия, экономикалық ақпарат агрессиясы, бейбіт үрейлендіру, психологиялық үрейлендіру, ақылдың ақпараттық соғысы, «ұлттың ерік-жігеріне қарсы операция», «ұлттық мәдениеттер деңгейіндегі операция» деп аталатын бағыттары бар.
Елордада өтіп жатқан VI Астана экономикалық форумы кеше одан әрі жалғасты. Бұл күні халықаралық деңгейде маңызды болып табылатын, еліміздің экономикалық әлеуетін әлемге паш еткен бірқатар шаралар өткізілді. Соның бірі - IV «Astana Invest 2013» форумы болды. Оның жұмысына еліміздің Премьер-Министрі Серік Ахметов, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Францияның Сыртқы сауда министрі Николь Брик және басқа да танымал тұлғалар қатысты. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Ұқсамайтын басқаға, ерекше қала Астана» деген тақырыппен берілген. «Мемлекет басшысының зор қолдауының нәтижесінде біздің елімізде ғана емес, сонымен қатар, еліміз орналасқан өңірдегі ірі саяси, экономикалық орталықтардың бірі ретінде қалыптасып отырған Астананың экономикалық, іскерлік және адами әлеуеті инвестициялар үшін барған сайын тартымды бола түсуде. Мұнда перспективалы өндірістерді құрудың, зияткерлік қызмет саласын дамытудың жаңа шаралары жүзеге асуда. Оның үстіне қаланың Еуразиялық алып кеңістіктегі қолайлы орналасуы оның үлкен коммуникациялық мүмкіндіктерін де аша түсуде. Елорда осында көшірілгеннен бері қаладағы халық саны үш есе ұлғайып, 800 мың адамға жетуі, қала құрылысының өте қарқынды жағдайда дамуы соның нақты дәлелдерінің бірі болып табылады», - деді Премьер-Министр.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевпен арадағы сұхбат «Менің маңдайыма жазылған тағдыр осы екен...» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Мен сотта Ахмет Байтұрсыновтың да сөздерін айттым. Ол кісі көп қудаланған. Бізден артық қиындық көрген. Бір өлеңінде ол: «Қинамайды абақтыға жапқан. Қиын емес дарға асқаны, атқаны! Маған ауыр осылардың бірінен - Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны» деген екен. Менің де басымнан соған ұқсас оқиға өтті. Бірге жұмыс жасаған проректор белшесінен былыққа батып, бәрін маған жаба салды», - дейді.
Осы басылымның жазуынша, Алматыда өткен ғасырдың 30-60 жылдары аралығында салынып, бүгінде тозығы жеткен, қаланың сәнін кетіріп тұрған үйлер мыңнан асады екен. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген мұндай үйлерде 50 мыңға жуық халық тұрады. Кеңес заманында каркастан салынған баспаналар бүгінде қираудың алдында, өмірге қауіпті болып тұр. Сондықтан 2012 жылдың ақпан айында қаланың тұрғын үй қорын жаңарту мақсатында ескі үйлерді сырып, орнына жаңа ғимараттар салу жөнінде 3 жылға арналған бағдарлама қабылданған. Кеше қала әкімі Ахметжан Есімов Түрксіб ауданында болып, аталған бағдарлама бойынша тұрғызылған алғашқы үйлердің жағдайымен танысып қайтқан. Мақала «Ескі пәтерге - жаңа баспана» деген тақырыппен берілген.
***
«Шығыс Қазақстан облысында соңғы уақыттағы санкцияланбаған ең ірі шерулердің бірі өтті. Шығыс елді мекенінде тұратын жүздеген оралмандар өздерінің арыздарын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа жеткізбекке шешім қабылдады», - деп жазады ««Время» газеті «Тёмная для оралманов» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, ауыл тұрғындары жарыққа ақша төлемегендіктері үшін электр энергиясынсыз қалған. Олардың мемлекетке қарыздары шамамен 46 млн. теңгеге жетіп отыр.