Жақын арада салық төлеушілер салықты Интернет арқылы төлейтін болады
АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті «Салық төлеушінің кабинеті» атты web-қосымшаның таныстырылымын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жоба аталған ведомство мен Ақпараттандыру және байланыс агенттігімен бірлесе жүзеге асырылды.
«Салық төлеуші банкке бармай-ақ Интернет арқылы электрондық кілтімен «Салық төлеушінің кабинеті» атты web-порталға кіріп, барлық салық түрлерін төлей алады. Бұл өте қолайлы. Атап айтқанда, бұның бір талабы бар, ол - Visa және MasterCard төлем карталары болуы керек. Сондықтан бұл қызметті жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қолдана алады. Ал заңды тұлғаларға осы қызметті алдағы жылы қарастыратын боламыз»,-деді таныстырылым барысында ҚР Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының орынбасары Әнуар Жұмаділдаев.
Жобаны ұйымдастырушылардың мәліметіне қарағанда, бүгінде елімізде салық алымдарының және басқа да міндетті төлемдердің 140 түрі бюджетте бар.