13:48, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Жақын аралықта Қазақстанға Ресейден әуе шабуылына қарсы қорғаныстың жаңа жүйесі әкелінбек
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жақын аралықта Қазақстанға Ресейден әуе шабуылына қарсы қорғаныстың жаңа жүйесі әкелінеді.

Бүгін Қазақстанда тіркелген әскери-дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифинг барысында ҚР Қорғаныс министрі Даниал Ахметов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан қорғаныс саласында ең алдымен Ресей Федерациясымен ынтымақтастыққа үлкен мән береді. Жақын аралықта Қазақстанға Ресейден әуе шабуылына қарсы қорғаныстың жаңа жүйесі әкелінеді. Бұл біздің еліміздің әуе қорғанысы жүйесін айтарлықтай нығайтатын болады. Бұл жаңа жүйе біріншіден, ҰҚШҰ шеңберінде ықпалдастығымызды күшейте түседі. Екіншіден, біздің мемлекетіміздің әуе кеңістігі қорғанысы жүйесін нығайтады, сөйтіп әскери доктринамызда көзделген мәселелер қамтамасыз етіледі. Ал ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастық сөзсіз Қазақстан үшін маңызды болып табылады. Сондықтан да, біз көпжақты ынтымақтастық шеңберінде де, екіжақты қарым қатынас аясында да белсенділікті арттыра түсеміз», - деді Д. Ахметов.
Министрдің айтуынша, өткен жылы Ресеймен бірлескен 5 оқу-жаттығу жұмыстары атқарылған. Ал бұндай әрбір бірлескен шараның нақты мақсаттары бар болып табылады. «Біз әскери ынтымақтастықта орта мерзімді кезеңде алға жүктелген міндеттерге қол жеткізетін боламыз», - деді Д. Ахметов.