Жақын уақыттары валюта бағамының күрт өзгере қоюы екіталай - Д.Ақышев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақын уақыттары валюта бағамының күрт өзгеруі екіталай, деп есептейді ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

Жақын уақыттары валюта бағамының күрт өзгере қоюы екіталай - Д.Ақышев

«2015 жылдың 5 қарашасында Ұлттық банк валюта нарығындағы өзінің үлесін азайтқаны мәлім. Біз нарыққа ұсыныс пен сұраныстың тепе-теңдігін табуға мүмкіндік бердік. Бұл өз кезегінде алтын валюта қорымыздың ақталуына және отандық тауар өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігінің артуына оң ықпал етеді», - деп атап өтті ол бүгін ҚР Парламенті мәжілісінің кеңейтілген отырысында.

Ұлттық банк басшысының айтуына қарағанда, бүгінгі доллардың теңгеге шаққандағы бағамы мұнайдың әлемдік құнына, ресей рублінің бағамына, ресейлік және қытайлық экономикадағы ахуалға толық сәйкес келеді.

«Қазіргі уақытта Ресей рубліне қатысты теңгенің деңгейі теңесті десе де болады. Жақын уақыттары бағамның күрт өзгере қоюы неғайбыл. Осы тұрғыда айырбас операцияларынан пайда табу - өте күмәнді іс, ұтылып қалуға да болады», - деді Д.Ақышев.