Жақында Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық туралы жаңа келісім бойынша жұмыстар басталады
амырдың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жақын аралықта Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық туралы жаңа базалық келісім жөніндегі нақты жұмыстар қолға алынады.
Бұл туралы бүгін «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 9-шы отырысы барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Бобров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл ретте қазақстандық парламентшілер аталмыш жаңа келісімнің тек заңнамалық міндетті құжат болып қана қоймай, стратегиялық сипатқа да барынша ие болатынына сеніммен қарайды. Біз әзірше, Қазақстан мен ЕО-тың дипломаттары жаңа келісімнің мәтінін айқындап алғанша, өзара саясат, экономика, қауіпсіздік, сондай-ақ гуманитарлық салалар бағытындағы ынтымақтастықтың ары қарай жалғаса түсетініне сенім білдіреміз», деді В. Бобров.
Сонымен бірге, В. Бобров бүгінгі күні Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында барлық стратегиялық маңызды бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастық жүзеге асып отырғанын атап өтті. «Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың жандана түсуіне ҚР Президенті Н. Назарбаевтың ағымдағы жылғы сәуірде Брюссельге сапары барысында Еуропалық Кеңес президенті Херман ван Ромеемен кездесуі тың серпін беріп отыр», деді В. Бобров.