11:53, 24 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жалағаштың Мәдениет ауылында спорт мектебі ашылды
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Жалағаш ауданының Мәдениет ауылында балалар мен жасөспірімдерге арнаған спорт мектебі ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Өмірбек Шәменов бұл ескі ғимараттың кәсіпкерлердің қаржылай қолдауымен талапқа сай жөндеуден өтіп, пайдалануға беріліп отырғанын жеткізді. Алдағы уақытта жас спортшылардың үлгілі істерімен көзге түсулеріне және Илья Ильин сияқты чемпиондардың көптеп тәрбиеленуіне сенім білдірді. Символикалық кілтті осы спорт мектебінің директоры Қуандық Ахметовке тапсырды. Тұрғындар атынан сөз алған ардагер Көптілеу Тоқсанов, жақсы бастаманың жалғасын табуға көмек қолын созғандарға халықтың ризашылығын жеткізді. Енді ауылда спорттың дамуымен қатар 13 адамға жұмыс та табылғанына жұрт риза. Салтанатта Қызылорда облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Нұрлыбек Жолдасбаев, туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаев сөз сөйлеп, спорт мектебіне ескерткіш-сыйлықтар табыс етті. Облыс әкімдігінің өткен жылғы қарашаның 26-сы күні бекітілген "Әлеумет" бағдарламасына сәйкес, ауылда ашылған №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жұмыс істей бастауы жағымды жаңалықтың бастауы болды. Сәрсенбі күні салтанатпен ашылған бұл спорт мектебінің жас ұрпаққа берері мол болмақ... Ғимараттың күрделі жөнделуі үшін 5 млн. теңгенің үстінде қаржылай көмек берген "Бест" фирмасының басшысы Асқар Махамбетовке ауылдағылар дән риза. Сондай-ақ жұртшылық игілікті істің басы-қасында болып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген осы ауылдың түлегі Садық Мұстафаевқа да алғыстарын жаудырып жатыр. Мектеп 670-тен аса оқушыны спортқа бейімдемек, мұнда тұрақты түрде футбол, волейбол, бокс, жеңіл атлетика, стол теннисі, тоғызқұмалақ, дзюдо секциялары жұмыс істейді. Болашақта осы спорт мектебінің негізінде Мырзабай ахун, Жаңаталап, Таң, Еңбек, Мақпалкөл, Аққыр, Бұқарбай батыр ауылдық округтерінде бөлімшелері ашылмақ. Сонда 15 мыңға жуық ауыл тұрғындарының және 3989 баланың спортпен шұғылдануына мүмкіндік туады.