Жалақы төленбейді: Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейді

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мәлім етті.

Халық Кеңесі
Коллаж: Kazinform, Chatgpt, freepik

Атап айтқанда, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Құжатта қоғамның негізгі топтары – этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің тең дәрежедегі өкілдігі көзделеді. Бұл ретте Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы аталған топтардың ұсынымдарын ескере отырып, 42 мүшеден тең дәрежеде қалыптастырылатын болады, яғни жалпы мүшелері 126 адамнан тұрады. Мұндай тәсіл әртүрлі қоғамдық мүдделерді ескеруге және ортақ келісілген ұстанымды қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

Осы орайда Ерлан Саиров Халық кеңесі мүшелерінің басым бөлігі әр өңірдің өкілдерінен құралатынын еске салды. Сондықтан облыстардағы тұрғындар өзінің әлеуметтік, экономикалық және басқа да проблемаларын айту үшін сол өңірдегі кеңес мүшелеріне жүгіне алады.

- Қазақстан Халық Кеңесі кемінде жылына бір рет шақырылатын Қазақстан Халық Кеңесінің Сессиясы және Қазақстан Халық Кеңесінің Төралқасынан тұрады. Оның мүшелері сессияға өңірлерден елордаға шақыртылады. Халық кеңесінде жалпы 126 адам болады. Оларға жалақы төленбейді, яғни тек қоғамдық негізде жұмыс істейді, - деді Е.Саиров Парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында өткен брифингіде.

Сонымен қатар депутат кеңестің қызметін ұйымдастыру бағытында жұмыс істейтін тиісті Хатшылық құрылатынын және ол мемлекеттік орган ретінде қызмет ететінін еске салды. Бұл тұрғыда хатшылық қызметкерлерінің жалақысы бюджеттен қаржыландырылады.

Айта кетейік, Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және талдамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді Хатшылық жүзеге асырады. Ол мемлекеттік орган ретінде құрылады.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, Халық кеңесі мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайды және олардың функцияларын қайталамайды.

Тиісті конституциялық заң жобасының маңызды бөлігі Қазақстан Халық Кеңесінің өкілеттіктеріне арналған. Олардың қатарына ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, заңнамалық бастама жасау құқығы арқылы заң шығару процесіне қатысу, референдум өткізу жөнінде бастамалар көтеру, қоғамдық талқылаулар мен диалог алаңдарын ұйымдастыру, сондай-ақ қоғамдық бақылауға қатысу кіреді. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, бірлескен отырыста депутаттар «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» үш конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда талқылап жатыр.