13:38, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Жалға берілетін тұрғын үй қоры құрылыс компанияларынан пәтерлерді аукцион арқылы төмендетілген бағамен сатып алады-Ө. Шөкеев
АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Самұрық-Қазына» қорының жүйесінде құрылатын Жалға берілетін тұрғын үй қоры құрылыс компанияларынан пәтерлерді аукцион арқылы төмендетілген бағамен сатып алатын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін Премьер-Министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Егер құрылыс компаниясы қандай да бір себептермен пәтерлерін бекітілген баға немесе еркін баға бойынша сататын схемаға енбеген болса, онда ол аукцион арқылы өзінің пәтерлерін Жалға берілетін тұрғын үйлер қорына сата алады. Аукцион төмендетілетін баға бойынша жүргізіледі», деді өз сөзінде Ө. Шөкеев.
Оның айтуынша, Қор алдымен Алматы және Астана қалаларындағы пәтерлерді аукцион арқылы сатып алатын болады. «Аукцион белгілі бір бағадан басталады. Айталық, пәтердің бір шаршы метрі - 1200 доллар болып белгіленсе, Қор аукционды төмендетілетін бағамен жүргізіп, құрылыс компаниясынан пәтерлерін сатып алады. Одан кейін белгіленген тәртіппен халыққа ұзақ мерзімге жалға береді. Біздің есебіміз бойынша Алматыдағы пәтердің әр шаршы метрі 1000 доллардан сатып алынған жағдайда, ол пәтер айына адамдарға 600-700 доллар бағамен жалға беріледі», деді Ө. Шөкеев.
Премьер-Министрдің орынбасары, Үкімет Жалға берілетін тұрғын үйлер қорын капиталдандыратынын айтты.