12:31, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Жалға берілетін тұрғын үй қорының атауы «Самұрық-Қазынаның жылжымайтын мүлік қоры» деп өзгертілді
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының жүйесінде құрылуы көзделген Жалға берілетін тұрғын үй қорының атауы «Самұрық-Қазынаның жылжымайтын мүлік қоры» болып өзгертілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Үкіметтің өткендегі отырысында біз Жалға берілетін тұрғын үй қорын құру мүмкіндігі жайлы айтқан едік. Өткен аптаның ішінде бұл қорды «Самұрық-Қазынаның жылжымайтын мүлік қоры» деп атап, оның тұжырымдамасын әзірледік»,- деді бүгін Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетов.Оның айтуынша, Жылжымайтын мүлік қорын құрудағы мақсат ? Астана мен Алматы қалаларындағы жылжымайтын мүлік нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету. «Кеше біз «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесінде алдын-ала ақпаратты көрсеттік. Мүдделі тараптардың ескертулерін ескере отырып, Жылжымайтын мүлік қорының тұжырымдамасы «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің келесі отырысында қаралатын болады»,- деді Қ. Келімбетов. Осы орайда ол Премьер-Министрден аталмыш қорды құру туралы Үкіметтің тиісті қаулысын қабылдауды сұрады. «Қаулының жобасы мен меморандумдар дайындалды. Оны біз Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне бүгін енгізетін боламыз», - деді басқарма төрағасы.