Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жалған ақпаратқа қарсы орталық жарты жылда 68 фейкті жоққа шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы алғашқы алты айда Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мемлекеттік органдармен бірлесіп 68 жалған әрі манипуляциялық ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының басшысы Руслан Бекарсланов «САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» сарапшылық алаңында мәлім етті.

фейк
Коллаж Kazinform/StopFake

Оның айтуынша, бірінші тоқсанда 40, екінші тоқсанда 28 жалған ақпарат анықталған. Бұл кезең жалпыхалықтық референдумға дайындық және оны өткізу уақытымен тұспа-тұс келген. Орталықтың жұмысына министрліктер, өңірлік әкімдіктер мен басқа да ұйымдарды қоса алғанда, 20-ға жуық мемлекеттік орган мен ұйым тартылған.

Осы кезеңде мәтін түріндегі жалған ақпаратпен қатар, дипфейктер, қолдан жасалған аудиожазбалар мен мессенджерлерде таратылған жалған дауыстық хабарламалар да тіркелген. Руслан Бекарслановтың айтуынша, мұндай материалдар көбіне қоғамның назарын бірден аударатын және тұрғындар арасында қызу талқыланатын тақырыптарға қатысты таралады.

Референдум кезінде орталық жалған ақпарат тарағаннан кейін ғана әрекет етпей, таралуы мүмкін фейктердің алдын алуға басымдық берген.

– Біз фейктердің пайда болғанын күтпей, алдын ала жұмыс жүргіздік. Алдымен өзге елдердегі сайлау мен референдумдар кезінде қандай жалған ақпараттар мен дипфейктер тарағанын зерттеп, олардың базасын жасадық. Бұған қоса фото, видео және аудиожазбаларды жинақтап, қажет болған жағдайда жариялайтын түсіндірмелерді де алдын ала дайындадық. Мұндағы мақсат – референдум алдында аудиторияның ақпаратқа сын көзбен қарауына ықпал ету, - деді Руслан Бекарсланов.

Сөйтіп әртүрлі елдерде тараған фото, видео және аудиожазбаларды бір жерге жинақталып, әр материалға оның қашан және қай жерде алғаш жарияланғаны туралы мәлімет қосылған.

– Мәселен, Испанияда немесе Италияда өткен сайлау кезінде болған жағдайды Алматы облысында болып жатқан оқиға ретінде таратуы мүмкін. Сондықтан бұрын жарияланған фото, видео және аудиожазбалардың дерекқорын жасадық. Онда материалдың шыққан күні мен болған жері көрсетілді. Осындай фейк қайта тараса, оның қайдан алынғанын бірден көрсетіп, уақыт жоғалтпай жауап беру үшін бұл жұмыс алдын ала жүргізілді, – деді ол.

Сондай-ақ орталық өңірлердегі әкімдіктермен және мемлекеттік органдармен жедел байланыс орнатып, ортақ іс-қимыл алгоритмін алдын ала пысықтаған.

— Соның арқасында референдум күні туындаған жағдайларға алғашқы минуттарда жауап беріп, жалған ақпараттың кең таралуына жол бермедік, - деді Руслан Бекарсланов.

Оның айтуынша, әр мемлекеттік орган өз саласына қатысты ақпаратты ең алдымен өзі жариялауы қажет. Себебі ешкім ведомствоның өзінен артық әрі жедел мәлімет бере алмайды.

— Егер біз үнсіз қалсақ, ақпараттық кеңістік түрлі қауесетке толады. Сондықтан халыққа түсіндіру жұмыстарын мәселе туындағаннан кейін емес, оған дейін жүргізудің маңызы зор, - деді орталық басшысы.

Айта кетейік, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) алаңында бүгін сайлауалды науқандағы жасанды интеллектінің рөлі, цифрлық технологиялардың ықпалы және фейк ақпаратпен күрес мәселелері талқыланды.