Жалған ақша сату фактісі 5 есе көбейген - қаржы полициясы
Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен брифингте аталмыш ведомствоның ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
Оның айтуынша, жалған банкноттар сауда нүктелерінде, жанар-жағармай стансаларында, ақша айырбастау пунктілерінде және банкілерде жалпы ақшаның арасынан анықталады. Сондықтан нақты жасаушыны анықтау әрқашан мүмкін бола бермейді.
«Осыған қарамастан, өткен жылы қаржы полициясы осы санаттағы ашылған қылмыстар бойынша сотқа 1062 қылмыстық істі жолдады», - дейді ол.
Ресми өкілдің келтірген мәліметтері бойынша, 2012 жыл бойы қаржы полициясының қызметкерлері жалған ақша жасайтын 15 астыртын цехтің қызметін әшкереледі.
Алматы қаласында А.Лопатин 1 жылға бас бостандығынан айыруға, М.Рассадин - 7 жылға, В.Бутин - 8 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Олар 5000 теңгелік жалған купюраларды үлкен партиялармен жасап сатумен айналысқан. Олардың үйінен сатуға дайын жалпы сомасы 5 млн 470 мың теңгені құрайтын жалған 5000 теңгелік банкноталар тәркіленді.
«Мұндай қылмыстарды жеке тұлғалар да, ұйымдасқан қылмыстық топтар да жасайды. Олардың айырмашылығы көлемі мен сапасында болады», деп атап өтті ресми өкіл.
Мәселен, Б. Айнабековтің басшылығымен 2009-2012 жылдар аралығында бір топ қылмыскерлер ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, жалған ақша жасап сатумен айналысқан. Қылмыстық іс бойынша 10000 және 5000 теңгелік жалған ақша банкноталарын Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарында сатудың 44 фактісі анықталды.