Жалған емшіден қалай сақтану керек — маман кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM — «Ырыскелді қажы» мешітінің Бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы BIZDIÑ ORTA подкастінде жалған емшілерге ұрынбаудың қарапайым шарттарын айтты.

— Бірінші, ақша сұрады ма, қашу керек. Мейлі, ол тіпті салық төлейтін болса да, сақ болу керек. Дінімізде дем салу сияқты жоралғылар үшін нақты баға қою жоқ. Содан қашу керек деп айтар едім. Екіншіден, сіз өз-өзіңізге дем сала аласыз, — деді ол.
Имамның сөзінше, дем салуға мұқтаж адамға тек мешіттерге жүгінген дұрыс.
— Үшіншіден, қандай дем салу керек болса да, әуелі жергілікті мешіттің имамына барыңыз. Одан кейін тура сондай бір жердің басқа имамына барыңыз. Сол жерде салыстыру арқылы ой қорытасыз, — деді Нұрлан имам.
Бұған дейін хабарланғандай, Нұрлан имам TikTok-та дем салатындарды сынады.