Жалған кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекет бюджетіне 3,4 млрд. теңге көлемінде залал келтірген топ ұсталды
АСТАНА. 31 мамыр. қазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Қаржы полициясы агенттігі қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ұзақ уақыт бойы жалған кәсіпкерлікпен айналысқан адамдар тобының қылмыстық әрекеті әшкереленді,
деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
«Ағымдағы жылғы 15 мамырда 2009-2012 жылдары аралығында 4 адаммен бірлесіп, 6 жалған кәсіпорын құрған және олардың есеп-шоттары арқылы коммерциялық ұйымдарға жалған шот-фактуралар сату арқылы салық төлеуден жалтару және ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру қызметтерін көрсеткен деген айыппен азаматша Азимова ұсталды. Мемлекет бюджетіне салық төлемеу түріндегі залал 3,4 млрд.теңгені құрады», - делінген ведомство ақпаратында.
Сонымен қатар 21 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Салық департаменті бастығының орынбасары А.Садықов ұсталды. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының салық органдарында басшылық қызметтерде жүріп Азимованың қылмыстарын жасыру арқылы оның заңсыз қызметіне қамқорлық жасап келген деп айыпталуда.
Қазіргі уақытта Садықовқа қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал Азимова мен өзге тұлғаларға қатысты қылмыстық істер 10 мамырда жалған кәсіпкерлік фактісі бойынша қозғалған болатын.
Ағымдағы жылғы 23 мамырда Садықов сот санкциясымен қамауға алынды, Азимова - үй қамауында. Қылмыстық істер тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.