Жалған кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекетке 492 млн. астам теңге залал келтіргендер сотталды - БҚО
ОРАЛ. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) Игорь Галаган, Николай Завалов, Михаил Завалов және Елена Никитинаға қатысты қозғалған қылмыстық істі аяғына дейін жеткізді.
Олар алдын ала қылмыстық ымыраласуға барып, Орал қаласы аумағында бірнеше экономикалық қылмыс жасаған.
Департаменттің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, қаржы полициясы қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 2009 жылғы 1 маусымда «Кайдан» ЖШС есептік шотынан 2,4 млн. теңге сомасындағы ақша қаражатын алу үстінде ЖШС-нің директоры М.Завалов ұсталған болатын.
Тергеуалды тексеріс барысында көрсетілген ақша қаражаттары бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында қаржыны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру бойынша қызмет көрсеткені үшін Орал қаласы кәсіпорындары бірінің есеп шотына аударылғаны анықталды. Сонымен қатар М.Завалов жалған кәсіпкерлік қызметімен И.Галаганның нұсқауымен айналысқаны анықталды.
Бұдан кейін осы жайт бойынша түсінік беру үшін қаржы полициясы департаментіне шақырылған И.Галаган «Кайдан» ЖШС-іне қатысты тергеуалды тексеру материалы бойынша оң шешім қабылдауы үшін қаржы полициясы инспекторына 10 000 АҚШ доллары сомасында пара ұсынған. 2009 жылғы 4 маусымда И.Галаган 3 000 АҚШ доллары сомасындағы параның бір бөлігін беру үстінде қаржы полициясы қызметкерлерінің қолына түсті.
Аталған факт бойынша И.Галаганға қатысты ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлімі және 312-бабы 4-бөлімі «б» тармағы бойынша (пара беруге әрекет ету) қылмыстық іс қозғалды.
2010 жылғы 15 қаңтарда Орал қалалық сотының үкімімен И.А.Галаган жоғарыда көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды.
Бұдан басқа И.Галаган Н.Завалов, М.Завалов, Е.Никитинамен алдын ала қылмыстық ымыраласуға келіп, 2005-2009 жылдары мерзімі аралығында, кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру ниетінсіз, салық төлеуден жалтару және мүліктік пайда табу мақсатымен, жалған тұлғалардың атына тіркеу арқылы «Кайдан» ЖШС, «ИнвестКапСтрой» ЖШС, «Промформстрой» ЖШС, «ДорКапСтрой» ЖШС, «КазСтройОникс» ЖШС, «Одарт» ЖШС, барлығы алты жалған кәсіпорнын құрғаны анықталды. Жалған директорлар контрагент кәсіпорындардың мекенжайына кететін есеп-фактураларға және жөнелтпе құжаттарға, салықтық және қаржылық есептерге қолдарын қойған, сонымен қатар кәсіпорындардың есептік шоттарынан ақша қаражатын алуды жүзеге асырған.
Аталмыш кәсіпорындар іс жүзінде жоқ тауар-материалдық құндылықтарын жеткізу, жалған көлік және құрылыс-монтаж қызметтерін көрсету бойынша БҚО кәсіпорындары және мекемелерімен жалған келісімдер жасасу арқылы жалған кәсіпкерлік қызметін жүзеге асырған.
Іс жүзінде ЖШС-лер ешқандай қызмет көрсетпеген, өйткені мекемелердің қызметкерлері, материалдық-өндірістік базасы және арнайы рұқсаты (лицензиясы) болмаған.
Жалған кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру нәтижесінде мемлекетке салық төлемеу жолымен жалпы сомасы 492 млн. теңгеден астам шығын келтірілген.
Орал қалалық соты биылғы 13 қаңтарда И.Галаганды ҚР ҚК 192-бабы 2-бөлімі «а, б» тармағы (жалған кәспкерлік), 193-бабы 1-бөлімі (заңсыз жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру), 28-бабы 5-бөлімі (қылмысқа қатысушы), 222-бабы 2-бөліміне (мекеменің салық төлеуден жалтаруы) сәйкес қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 7 жыл 2 айға мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етті.
Сот Н.Завалов, М.Завалов, Е.Никитинаны ҚР ҚК 192-бабы 2-бөлімі «а, б» тармақтары, 28-бабы 5-бөлімі, 222-бабы 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танып, шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыруға, 2 жыл сынау мерзімін белгілеуге үкім етті.