Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жалған кәсіпкерлікпен күресу бағытында электронды есеп-шоттарды енгізу қажет-Болат Жәмішев

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жалған кәсіпкерлікпен күресу бағытында электронды есеп-шоттарды енгізу қажет.

Жалған кәсіпкерлікпен күресу бағытында электронды есеп-шоттарды енгізу қажет-Болат Жәмішев

Бұл туралы бүгін «Хабар» телеарнасына сұхбат беру кезінде Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қаржы министрлігін мерзімді өтелмеген салық төлемдерінің өсімі бойынша әділ сынға алды. Аталған салық төлемдері 224 млрд. теңгені құрады. Бұл жалпы бюджет түсімдерінің 3 пайызын құрап отыр. Атап айтқанда, мерзімді өтелмеген салық төлемдері 12,7 пайызға өсті»,-деді министр.

Өтелмеген  төлемдердің құрылымына тоқталған Б. Жәмішев, «оның 73 пайызы жалған кәсіпорындарға байланысты болып отыр. Осы жалған кәсіпорындардан мерзімді өтелмеген салық төлемдерін төмендету керек»,-деді.

Бұл тұрғыда ведомство басшысы қысқа мерзімді мақсат-міндеттер бойынша құқық қорғау органдарымен өзара тиімді іс-қимылдарды атқару керектігін атап өтті.

«Егер мерзімді өтелмеген салық төлемдерімен, оның ішінде жалған кәсіпорындармен   күрес бойынша жүйелік мақсаттарға тоқталатын болсақ, онда электронды есеп-шоттарды енгізу қажет»,-деп қадап айтты министр.

Оның айтуынша, бұл бастаманы бүгінде бизнес қолдап отыр. Бұл қадамдар жалған кәсіпкерліктің белсенділігін төмендетіп қана қоймай, сонымен қатар бизнестің әкімшілік ауыртпалығын төмендетуге ықпал етеді. Себебі, осыдан кейін кәсіпорындардың қызметінің айқын әрі ашық болуына жағдай жасалады.