Жалған кәсіпорындар ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруде - Есеп комитетінің төрағасы
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Жалған кәсіпорындар қызметінің ауқымы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруде.
Бүгін Мәжілісте 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп бойынша баяндама жасаған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев осылай мәлім етті.
«Мәселен, 2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша соттың шешімімен 1044 салық төлеуші жалған кәсіпорын деп танылды. Бұл ретте, 2011 жылы жалған кәсіпорынның қызметтерін пайдаланғаны анықталған контрагенттер мемлекетке 110,5 млрд. теңге мөлшерінде зиян келтірді. Ал осы қаражаттың тек 3 млрд. теңгесі ғана мемлекетке алынды», - деді О. Өксікбаев.
Комитет төрағасының пікірінше, ел экономикасында қолма-қол ақша айналымының жергілікті жерде кеңінен таралуы жалған кәсіпорындардың көбеюіне ықпал етіп отырған факторлардың бірі болып табылады.
«Тек соңғы 3 жылда заңды тұлғалар арасында жыл сайын шамамен 1,4 млрд. теңге қолма-қол айналымда жүр», - деді комитет төрағасы.