Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытындысы бойынша 274 оқушы марапатталды

АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытындысы бойынша 274 оқушы марапатталды.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының  қорытындысы  бойынша  274 оқушы    марапатталды

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында 15-19 сәуір аралағында Қостанай қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша дәстүрлі республикалық олимпиада өткізілген болатын.

«Зияткерлік ұлт-2020» ұлттық жобасын жүзеге асыруды мақсат еткен Олимпиаданың турлары Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының базасында өткізілді.

Білім жарысы бірнеше кезеңмен өткізілді. Мектептерде өткен І турға республиканың барлық өңірлерінде 438 мың оқушысы қатысса, солардың 613-і - қорытынды, бесінші турға жолдама алды.

Олимпиада қорытындысы бойынша 274 оқушы марапатталды, оның ішінде 46 оқушы - бірінші дәрежелі дипломмен, 91 оқушы - екінші дәрежелі дипломмен, 137 оқушы - үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Командалық есепте І орынды Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған физика-математикалық орта мектеп-интернаттың, Астана және Алматы қалаларының, Павлодар облысының оқушылар командасы иеленсе, екінші орын - Жамбыл және Қостанай облыстарына бұйырды. Үшінші орынды - Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының оқушылар командасы алды.